Жарияланды: 490

Орал: М. Бисенғалиев жетекшілік ететін оркестр біржола таратылуы мүмкін

Марат Бисенғалиев жетекшілік ететін Оралдағы Филармониялық академиялық оркестр біржола таратылуы мүмкін. Оған облыс бюджетінің шығармашылық ұжымды бұдан ары қаржыландыра алмауы себеп. Әзірге бұл мәселе тек облыстық мәслихаттың қарауында жатыр. Дегенмен оркестр басшылығы: «Бұл біреулердің қолдан жасап отырған әрекеті» -дейді. Өйткені бюджет есебінен музыканттарға айына 25 мың теңгеден айлық төленгені болмаса, қалған қаржыны демеушілер мен Бисенғаливтің өзі көтеріп келеді. Оркестрдің таратылғалы жатқанын маэстроның өзі іс-сапармен Үндістанда жүргендіктен, тек телефон арқылы естіпті.

Қазақтың «Тілеп», «Сары қыз», «Баян сұлу», «Шәкәрім» сынды туындыларын әлемдік калассика деңгейіне жеткізіп, енді ұлы ақын Абайға арнап циклдар топтамасын жазуға кіріскен Орал филармониялық оркестрінің жұмысы жарты жолда қалмақ. Өйткені Батыс Қазақстан  облысының бюджеті бұл шығармашылық ұжымды енді қаржыландыруға қауқарсыз. Бірақ оркестр басшылығы облыстың ақшасын тауысатындай ештеңе опырып алып жатпағандарын айтады; тек бар-жоғы 20 шақты музыкантқа айына 20-25 мыңтеңгеден жалақы алатындары болмаса.

Ғанимат Бисенғалиев, Марат Бисенғалиев атындағы қордың төрағасы:

- Оркестрді таратылатынын кездейсоқ естіп қалдық. Айтуларынша, шығармашылық ұжым бюджет қазынасына шығын келтіргеннен басқа ештеңе істеп жатқан жоқ екен. Бірақ олай емес, тек мемлекет есебінен жалақы бөлінетіні болмаса, гастрольдік сапарлар, концерт, жаңа аспаптармен жасақталу сынды қажеттіліктерді демеушілер мен М.Бисенғалиевтің өзі қаржыландырып келеді.

Сондықтан оркестр жетекшілігі облыс басшыларына жасалған бұл ұсынысты іштарлық жасап жүрген әлдебіреулердің әрекетіне балайды. «Оркестр бос сандалып жүрген болса, Карл Дженкинс сияқты әлемнің үздік музыканттарының туындылары шоғырланып, үш диск болып шыққан «Эльгар» антологиясына Қазақстанның атынан енбес еді», - дейді.  

Ғанимат Бисенғалиев, Марат Бисенғалиев атындағы қордың төрағасы:

- Жұмысымыздың нәтижелі болып жатқанының айғағы ретінде мына дискіні көрсете аламын; мамыр айының басында ғана шықты, қазір сатылымға түсті. Алам деушілер еліміздің дүкендерінен де таба алады. Сыртқы нұсқамасында, түсінікті түрде,Орал филармониялық оркестрінің туындылары кірген деп жазылған.

Бір қызығы, өзі негізін қалап, жетекшілік ететін оркестрінің таралғалы жатқанын Марат Бисенғалиев телефон арқылы әріптестерінен естіпті. Айтуларынша- қатты қапаланған. Өйткені дәл сол сәтте маэстро Үндістанға арнайы шақыртылып, сонда тағы бір шығармашылық ұжымды жасақтап жатқан көрінеді. Алайда Бисенғалиевтің өнердегі кей әріптестері «Оркестр тек Еуропада ғана жүретін, онда артық ақша шығарудың қажеті не?» - деген пікірде. 

Қанатқали Қожақов, ҚР еңбек сіңірген артисі:

- Өз басым оркестрдің таралғанын қаламас едім, бірақ олар Орал үшін емес, шетел үшін жұмыс істейді. Сондықтан оларға арнайы бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ. Бұл тұрғыдан қарағанда, жабылғаны да дұрыс шығар.

Дегенмен оркестрді тарату туралы нақты шешім әлі шығарылған жоқ, тек мәслихат талқысына түсіп жатқаны болмаса. Алайда 2003 жылы құрылып, әлемді мойындатқан шығармашылық ұжымның ғұмыры мұншама қысқа боларына ешкімнің сенгісі жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін