Орал Мұхамеджанов Шешен Республикасы мен Ингуш Республикасының парламенттік делегациясын қабылдады - kaz.caravan.kz
  • $ 459.6
  • 493.06
+28 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Орал Мұхамеджанов Шешен Республикасы мен Ингуш Республикасының парламенттік делегациясын қабылдады

Орал Мұхамеджанов Шешен Республикасы мен Ингуш Республикасының парламенттік делегациясын қабылдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Шешен Республикасы мен Ингуш Республикасының парламенттік делегациясын қабылдады.

  • 1 Маусым 2011
  • 813
Фото - Caravan.kz

Мәжіліс Төрағасы сөз басында Қазақстан мен Ресей арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық байланыстың нәтижесін барлық саладан көріп отырғанымызды айтты. 2010 жылы екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 15 млрд доллардан асты. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы нәтиже де 1,5 есеге өскенін көреміз. Үш ел: Қазақстан, Беларусь және Ресей Кеден одағына бірігіп отыр. Келешекте Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрғалы тұрмыз. Мұндай ықпалдастық үлкен жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз. Сонымен қатар парламентаралық байланыс та қарқын ала түсуде. Қазақстан Парламенті Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесімен және Мемлекеттік Думамен өзара тығыз байланыс орнатқан. ТМД ПАА, ЕҚЫҰ ПАА, ЕурАзЭҚ ПАА, ҰҚШҰ ПА шеңберінде өтетін іс-шаралар негізінде ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.

Мәжіліс Төрағасы О.Мұхамеджанов Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары туралы, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының жүзеге асуы жөнінде меймандарға әңгімелеп берді.

Үстіміздегі жылы 28 ақпанда Шешен Республикасы Президентінің сайлауы өтіп, онда Рамзан Қадыров жеңіске жеткені анық. «Біз шешен халқын осы жеңіспен құттықтаймыз, — деді Мәжіліс Төрағасы. — Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешен елінде үлкен абыройға ие екенін білеміз. Біздің тарихи байланыстарымыз тереңде жатыр».

Өз кезегінде Шешен Республикасы Парламентінің төрағасы, делегация жетекшісі Дукуваха Абдурахманов сөзін Қазақ еліне деген ізгі тілегін білдіруден бастады. Қазақстан Мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қиын күндерде қол созып, шынайы қамқорлық жасағанын шешен халқы ешқашан ұмытпайтынын айтты. Шешен Республикасы Президенті Рамзан Қадыровтың атынан қазақ халқына ыстық сәлемін жеткізді.

Айта кету керек, 2007 жылы Грозный қаласының көрікті бір көшесіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен Грозный қаласының орталық алаңында көп қабатты тұрғын үй салынды.

Сонымен қатар Шешен елінің бастамасымен Грозный қаласындағы №1 лицейге Қазақстан Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Аталған лицей республикадағы тарихы мол және өте танымал білім ордасы. Саясаттанушы А.Авторханов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері М.Гайрбеков, шешен әдебиетінің негізін қалаушылар Х.Ошаев и С.Бадуев және басқа да тұлғалар — осы лицейдің түлектері. Бүгінгі таңда бұл білім ұясында 700 оқушы тәлім алуда. Қазақстан Президенті атынан лицейге «FORD» шағын автобусы, қазіргі заманғы компьютерлік сынып жабдықтары табыс етілген.

Мейман Дукуваха Абдурахманов осы сапарында сталиндік қуғын-сүргіндерге орнатылған ескерткіш-кешенде болып, жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым еткенін мәлім етті. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында еріксіз көшірілген шешен-ингуш халықтарының Қазақстанға келіп, қазақ халқының бауырмалдығының арқасында аман қалғанын, өзі де Қазақстанда дүниеге келгенін толғаныспен еске алды.

Осы кездесуге Қазақстан тарабынан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Шалатай Мырзахметов, Шешен мен Ингуш Республикасы тарабынан Шешен Республикасы Парламенті Төрағасының орынбасары Салман Закриев, Ингуш Республикасы Халық Жиналысының аграрлық саясат, табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің төрағасы Руслан Гулиев, сондай-ақ Қазақстандағы «Вайнах» шешен және ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы Ахмед Мұрадов қатысты.

Мәжіліс Төрағасы О.Мұхамеджанов кездесу соңында Грозный қаласындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы №1 лицейге суретші Ермековтың «Іле Алатауы» атты картинасын, Қазақстан және Мемлекет басшысы, елдің жетістіктері туралы құнды кітаптарды табыс етуді меймандарға аманаттады.

Соңғы жаңалықтар
Қазақстанға мақта керек пе?
Жаңалықтар 21 Маусым