Алайда гүл бағын тұрғын үй кешені мен кеңсе ғимараттарын салуға деп «Адал Арна» атты жеке меншік фирмаға сатудың соңы Оралда біраз дауға душар етті. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Әлібек Сыдықов облыс әкімі Нұрғали Әшімовты аталмыш сауда-саттыққа қатысы бар деп айыптады. Мәселен, Ә.Сыдықовтың мәлімдеуінше, «гүл бағы Батыс Қазақстан облысының әкімімен ілесе өңірге келген «Адал Арна» фирмасына сатылған». Ал Орал қаласы әкімінің тағы бір бұрынғы орынбасары Тимур Қарағойшин Батыс Қазақстан облысының әкімін «қылмыс әлемімен байланысы бар» деп айыптады. Өз кезегінде облыс басшысы Н.Әшімов журналистерге арнап өткізілген баспасөз мәслихатында аталған фирмаға ешбір қатысы жоқтығын мәлімдеді. Ал қылмыс әлемімен байланысы бар деген айып төңірегінде ол былай деді: «мұнадй мәлімдеме жасау — мүлдем ойыншық емес және ол мемлекеттік қызметкердің ар-ұждан кодексін бұзуға жатады».
Аталмыш даудан кейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Елдана Сәдуақасованың басқаруымен әдейі құрылған жұмыс комиссиясы әкімнің «Адал Арна» фирмасына және гүл бағын сатуға қатысы жоқ деген тоқтамға келді.
Елдана Сәдуақасованың түсініктемесіне сәйкес, «Орал» қонақ үйінің артында орналасқан, аумағы 1,2 гектар болатын жер телімі 2004-жылдың қазан айында Орал қалалық әкімшілігінің қаулысымен жалпы пайдаланудағы жерлер құрамынан шығарылып, артынан тұрғын үй кешенін тұрғызу үшін жеке меншікке сатылған. Жер телімі «Адал Арна» фирмасына төлемді 1 жылға кейінге шегере тұру шартымен 2 млн. 716 мың теңгеге сатылыпты.
Ал Орал қаласының бас жоспарында бұл жалпы пайдаланудағы жер деп көрсетіліпті. «Материалдарға жасалған тексерулер нәтижесі көрсеткендей, Орал қалалық әкімшілігі бұл шешімді Орал қаласының бас жоспары бекітілмей тұрып қабылдаған. Әкімшілік пен Батыс Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы күні бүгінге дейін бұл сәйкессіздікті жоймай отыр»,- деді Е.Сәдуақасова. Сонымен бірге облыс әкімі орынбасарының атап көрсетуінше, Оралдағы жалпы пайдаланудағы жер телімдері «барлық уәкілетті мекемелердің оң шешімімен ғана» жеке меншікке берілген.
Заңды және жеке тұлғалардың, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің аталмыш мәселені шешуге қатысты іс-әрекетінің заңдылығын анықтау үшін әкімшіліктің жұмыс комиссиясы барлық жиналған материалдарды қалалық және облыстық прокуратураға тапсырмақшы.