Орал қаласында құрылыс қарқынды жүргізілуде
Орал қаласында құрылыс қарқынды жүргізілуде. |
Қала әкімі Самиғолла Оразовтың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Орал қаласының 5-шағынауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 4 көп қабатты үй салынуда. Олардың үшеуі бес қабатты, ал біреуі тоғыз қабатты. Зардап шеккендерге пәтер бөлу құрылыс аяқталған соң, комиссия шешіміне орай жүзеге асырылатын болады.
Жалпы, табиғи өсім мен облыс аудандарынан адамдардың көшіп келуі есебінен қала тұрғындары жыл санап көбейіп келеді. Сол себепті Астана шағынауданында «Салтанат үйі» мен 300 кереуеттік көпбейінді аурухана, Жаңа орда шағынауданында 600 орындық мектеп, Зашаған кентінің Болашақ шағынауданында сауықтыру кешені, Круглоозерный кентінде 140 орындық балабақша, Солтүстік-шығыс ауданда 290 орындық балабақша, 5-шағынауданда 290 орындық балабақша мен 1200 оқушыға арналған мектеп секілді маңызды нысандар салынуда. Бұған қоса Орал қаласының 5,7-шағынаудандарында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп пәтерлі төрт-бес үй бой көтеретін болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін