Орал қаласында жолақы мәселесі талқыланды
Орал қалалық мәслихатының индустриялық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында қала ішінде қатынайтын автобустардағы жолақы мәселесі талқыланды. |
Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Асқар Мұқановтың айтуынша, бүгінгі таңда қала халқына барлығы 316 автобус, 169 шағын автобус қызмет көрсетуде. Өткен жылы №1 «ПАП» («Жолаушылар автокәсіпорны») ЖШС 10 үлкен автобус, «ОралТехСервис» ЖШС 20 үлкен және 15 орташа көлемді автобус, «ЗКАП» ЖШС 7 үлкен автобус және «Оралавтотранс» ЖШС 5 дана «Мерседес» маркалы үлкен автобусты несиеге алған. Бұлардың ішінде 32 автобус арбаға таңылған мүгедек жандарға арналған көтерілгіш құралмен жабдықталған. Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелерге диспетчерлер пунктінің ұйымдастыруымен автобустар қозғалысын онлайн режімінде бақылайтын мониторингтің спутниктік жүйесі орналастырылуда.
Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер үшін қазіргі таңдағы ең түйткілді мәселе - жүргізушілердің тапшылығы. Мекеме басшыларының пікірінше, жалақысы төмен жұмысқа жұрттың барғысы келмейді. Қазіргі таңдағы автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы 25-30 мың теңгені құрайды. Қаладағы жолаушылар тасымалын қамтамасыз етіп отырған мекеме жетекшілерінің атынан сөйлеген «УралТехСервис» ЖШС құрылтайшысы Александр Баклан жиналғандарға жанар-жағармай бағасының аспандап кетуіне байланысты автобус билетінің бағасын көтеруді көздеп отырғандарын айтты. Оның мәлімдеуінше, қолданыстағы билет бағасы жолаушы тасымалдаушылардың шығындарын жаппайды. Күнделікті тасымал жұмысына кететін жанар-жағармай мен жалақы төлеуге және жаңадан алынған автобустардың қарызын жабуға жұмсалатын шығынды тап-тұйнақтай есептеп, жиналғандар назарына ұсынған ол мекеме шығынын жабу үшін жолақыны шамамен 74,4 теңгеге көтеру қажет деген ұсынысын жеткізді.
Бұған қарсылық білдірген қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары Софья Кенжегереева нақты деректерді негізге алып есептеген жағдайда жолақыға бұдан төмендеу бағаны ұсынуға болатынын айтты. Мәселен, депутат Мақсот Берген кәсіпкерлер ұсынған бағаның қала халқының қалтасына ауыр тиетінін айтып, әзірге 60 теңгеге көтерсеңіздер де, жарайды деген пікірін жеткізді. Оның бұл ойына қарсылық білдірушілер болғанымен, қатысушылардың көбісі М.Бергеннің осы пікірін жөн көрді.
Депутаттар мен кәсіпкерлер арасындағы айтыс-тартысты таразыға салған қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің нақты есептеуін ескеріп, депутаттар ұсынған бағаның шамаға соғатынын айтты. Оның сөзінше, қалаішілік автобус билетінің жаңа бағасы, шамамен 1 наурыз, бәлкім, сәуір айының біріне қарай бекітіліп, қолданысқа енбек.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін