Жарияланды: 600

«Оралагрореммаш» зауытынан шыққан мамандандырылған алғашқы жаңа көліктер Астанаға жол тартты

«Оралагрореммаш» зауытынан шыққан мамандандырылған алғашқы жаңа көліктер Астанаға жол тартты

24 қазан күні «Оралагрореммаш» АҚ-да құрастырылған жаңа автокөліктер Астана мен Атырау қалаларына жөнелтілді.

«Оралагрореммаш» АҚ президенті Ғимран Бисеновтің айтуынша, олардың төртеуі апатты жағдайдан құтқаруға, 8-і мұнай өнімдерін тасуға арналған. «Мұнай өнімдерін тасымалдайтын көліктерді негізінен Атырау облысының мұнайшылары пайдаланады. Ал апатты жағдайдан құтқару көлігін (АСА-20) жасауды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырысымен биыл тұңғыш рет қолға алдық. Бүгін жаңа автокөліктің төртеуін Астана қаласына аттандырмақпыз. Бұл көліктер Астанада сынақтан өтпекші. Егер олар тапсырыс берушілердің талабына сай болып, олардың көңілінен шығып жатса, онда біздің кәсіпорын мұндай аса қажетті көліктерді бұдан былай да шығара бермек», - деді Ғ.Бисенов. «АСА-20» маркалы апатты жағдайдан құтқару машиналарын тек өрт жағдайында ғана емес, сонымен қатар кез келген апатты жағдай кезінде пайдалануға болады. Өрт сөндіру машиналарына ұқсас болғанымен, бұл көліктердің олардан біраз айырмашылығы бар. Мысалы, өрт сөндіру машиналарында тек от-жалынды тұншықтыруға арналған жабдықтар болса, апатты жағдайдан құтқару машиналарында өрт сөндіргіш құралдармен бірге су сорғыш насостар, кескіштер, жарықтандырғыш секілді құтқару құралдары бар. Бұл жабдықтар машинаның қос бүйіріндегі арнайы орындарда сақталады. Олардың қақпағын жапқанда, «АСА-20» ешқандай артық бөлшегі жоқ кәдімгі көлік секілді. Аталған көлікті жасап шығару үшін қажетті бөлшектер Ресей, Украина, Австрия, Испания және Германия секілді шет мемлекеттерден алынады. Су жаңа көліктердің әрқайсысының құны 37 миллион 365 мың теңге. Ғимран Сағынұлының сөзінше, «Оралагрореммаш» АҚ - еліміз бойынша әзірге өрт сөндіру машиналарын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Өрт сөндіргіш машиналарды 2001 жылдан бастап шығара бастаған зауыт оны жыл сайын жетілдіруде. Мысалы, аталған кәсіпорын тек биылдың өзінде осы бағыттағы көліктің үш түрін жасап шығаруды жоспарлапты. Жыл басында ұзындығы 1,5 шақырым болатын насосы бар өрт сөндіргіш көлігі (АНР) даярланса, бүгінгі таңда зауыт ұжымы апатты жағдайдан құтқаратын тағы бір жаңа машинаны («АСА-20») құрастырып шықты. Кәсіпорын жыл аяғына дейін өрт сөндіру қызметіне арналған су айдағыш станция жасап шығаруды жоспарлауда. «Былтыр «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында зауыт цехтарын жаңартып, қайта жасақтауға қол жеткіздік», - дейді Ғимран Сағынұлы. - Сонымен қатар металл бұйымдарын лазермен және плазмалық әдіспен дәл кесетін және түрлі үлгіде майыстыратын кешенді құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұл жағдай кәсіпорынның өнім сапасын жақсартып, оны әртараптандыруға мүмкіндік берді. Біз жаңағы көрсеткен өрт сөндіргіш және мұнай өнімдерін тасымалдайтын көліктерге қоса, су таситын, вакуумдық және жуғыш машиналарды да жасай бастадық. Машина жасаудан мол тәжірибе жинақтаған зауыт ұжымы алдағы уақытта қоқыс жинайтын көліктер шығаруды да көздеп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін