Көрмеге 50-ге тарта шығармашылық жұмыс қойылған.
Манарбек 1985 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет факультетін бітірген екен. Өзі шәкірт атанып, өнер сырына бойлаған шаһарға ширек ғасырдан кейін толыққанды шебер болып оралған суретшінің Оралдағы алғашқы көрмесіне көрермен көп жиналды.
Қазақстан Суретшілер одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Қайыр Оразғалиевтің айтуынша, Манарбек пен Эльмираның туындыларын Орал көрермендеріне таныстыру идеясы биыл көктемде батысқазақстандық суретшілердің Атырау қаласында өткен көрмесінде туған еді. Өнер адамдары үшін мұндай қарым-қатынас өте пайдалы, жаңа ізденістерге, жаңа жетістіктерге жетелейді.
Белгілі оралдық өнер зерттеушісі, көп жыл қалалық көрме залына жетекшілік еткен Әлия Сапарова көрмеге қойылған туындылардың кәсіби деңгейін жоғары бағалап отыр.
Атыраулық суретшілердің көрмесі бір айға созылады.