Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқауға қала мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысты. Қаланың 45 мектебінен 40 оқушы қатысуға ниет білдірген байқауға 20 кітапқұмар оқушы іріктеліп алынды.
Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен ғибратты өнегесін өрен ұрпаққа ұғындыруды мақсат еткен байқаудың негізгі шарты да осал емес. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітаптарының кез-келген жерінен қойылатын сауалдарға сауатты, тиянақты жауап беру.
Байқау қорытындысында бас жүлдені №2 орта мектебінің оқушысы Ақерке Рабаева жеңіп алса, № 22 орта мектептен Әсемгүл Құсайынова — бірінші, №30 орта мектеп шәкірті Алтынай Қуанова мен №5 орта мектептен Қайырбай Байғалиев — екінші, №41 орта мектептен Райымбек Бекет, №25 орта мектептен Жанна Асхатова мен №34 мектеп-гимназиясынан келген Азиза Әжіғалиева үшінші орынды еншіледі.