Оралда дәстүрлі достық фестивалі мәреге жетті
Қазақстан халқының XIII облыстық достық фестивалі А.Островский атындағы орыс драма театрында 8 желтоқсан күні өткен концертпен қорытындыланды. |
Аталмыш өнер додасында өңірдегі ұлттық-мәдени бірлестіктер, еңбек және шығармашылық ұжымдары, жекелеген қатысушылар халық әні, халық биі және ұлттық аспапта ойнау аталымдары бойынша өнер көрсеткен болатын. Таңдаулылар облыс орталығындағы қорытынды концертке шақырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен мамыр айынан басталған дәстүрлі достық фестивалінің мәреге жеткенін атап өтті. Бұл да - еліміздің жасампаз бейнесінің бір көрінісі. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күнін еліміз құрметпен атап өтті. «Енді бәріңізді алдағы ел тәуелсіздігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ал халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі өткізілетін орын ретінде Қазақстанның таңдап алынуы да үлкен жетістік. Біз мұны Елбасымыз Н.Назарбаевтың зор әлемдік беделінің нәтижесі деп білеміз. Елбасымыз үнемі қоғамдағы ұлтаралық татулық пен ынтымақты көздің қарашығындай етіп сақтауды ескеріп отырады. Өйткені бірлік барда тірлік бар. Жайық өңірін мекендейтін сан ұлттың өкілдері өзара тату және ынтымақта өмір сүріп отыр. Әрдайым достығымыз нығая берсін!», - деді Серік Сүлеймен.
Қорытынды кеште ауданнан келген және қалалық өнерпаздар кешке жиналғандарды әсем ән, әуенді саз, бұралған биге бөледі. Әсіресе, «Жаңақала әуені» халық ансамблінің орындауындағы «Жылқышы» қырғыз әні сәтті шықты. Қос бикеш Лунара Қанатова мен Айзада Әбілқасымова хорезм биін тамаша орындады. Ал Қазталовтан келген жас өнерпаз Әмина Ғайнетденованың «Құмар термесіне» сүйсіне қол соқпаған көрермен кемде-кем. «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени бірлестігі атынан сахнаға көтерілген Ислам Хасиев пен Анжела Арсамикованың сазды әні мен биі көпшілікке ұнады.
Шара соңында қорытынды концертке қатысушыларға дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін