Шараға көрнекті мемлекет қайраткерімен жолдастық қарым-қатынаста болған, бірге қызмет атқарған және дидарлас, пікірлес болған аға ұрпақ өкілдері арнайы шақырылды. Жаңа кітаптың ең алғашқы данасы барша қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Дінмұхамед атасының есімін иемденген кішкентай Димаш Серғалиевке табыс етілді.
Алыстаса да аласармайтын асқар таудай тұғыры биік тұлға туралы естелік әңгімелер, ардақты азаматқа арналған әндер мен өлеңдер топтастырылған кітапты құрастырушы Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Ізтілеуовтың пікірінше, аталмыш жинақтың жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны өте зор болмақ. Өйткені Дінмұхамед Қонаевтың өнегемен өрілген өмір жолы — кім-кімге де үлгі.
Тұсаукесер салтанатына қатысқан есімдері облысқа кеңінен танымал Бисен Жұмағалиев, Әмірхан Қарасаев, Ғазиз Хаймулдин, Болатқали Төлебаев, Нұрлыбек Бірманов, Қазыбай Бозымов сынды ел ағалары Димекеңдей басшысы болған қазақты бақытты халыққа теңеп, Қонаевтың қамқорлығын әлі күнге сезініп жүргендерін айтты.
Халықаралық қарттар күні мен кітаптың тұсаукесеріне орай университет қонақүйінде мерекелік дастарқан жайылып, зейнет демалысындағы 80 ардагер ұстазға жалпы сомасы бір жарым миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді және «Дінмұхамед Қонаев ел есінде…» атты кітап сыйға берілді.