Оралда күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты мәреге жетті - kaz.caravan.kz
  • $ 512.81
  • 604.19
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты мәреге жетті

Оралда күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты мәреге жетті

Жабық мұз айдыны сарайында күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігі мәреге жетті.

  • 23 Сәуiр 2012
  • 652
Фото - Caravan.kz

Әйелдер күресінен жеті салмақ дәрежесінде сайысқа еліміздің көптеген өңірінен тоқсан қыз қатысты. Негізінен бұл әлем бойынша ең жас спорт түрі саналады. Одан алғаш әлем чемпионаты 90-жылдардың басында өтсе, ал олимпиадалық ойындар санатына 2004 жылы кірген. Соған орай бұл күрес республикамызда жоғары қарқынмен дамуда деп айту қиын. Мәселен, Украинадағы мұндай чемпионаттарда 300 нәзік жанды бақ сынаса, Ресейде жарысқа қатысушылар 500-ден кем болмайды екен.

Қазақ елінде Алматы, Астана қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл күресті жетілдіру бағытында айтарлықтай жұмыстар істеліп жатқаны осы сайыс барысында анық көрінді. Содан болса керек, осынау командалардан кейбір салмақтарда екі спортшыдан сынға түсті.

Ал батысқазақстандық бапкерлерге әр салмаққа екі спортшыдан шығару түгілі, біреуін табу біраз қиындық туғызған. Оның үстіне әйелдер күресі бойынша ұлттық құрама сапында ел намысын абыроймен қорғап жүрген батысқазақстандық, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы болған Екатерина Ларионова Жапонияға оқу-жаттығу шарасына кетіп, бұл додаға қатыса алмады. Негізгі үміт 59 келі салмақтағы Әсем Ерғалиева мен 63 келідегі Гүлжанат Қожағалиевада еді. Олар Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқып жүргенде жасөспірімдер, артынан жастар арасындағы ел чемпионаттарының жүлдегерлері атанған еді. Алайда бұл жолы олар боз кілемде еркін қимылдай алмады. Әсемге жеребе ауырлау түсті. Спорт шебері атағы бар әрі жасы да үлкен, оның үстіне бапкер болып жүрген маңғыстаулық Меруерт Дінбаева ақжайықтық арудың адымын аштырмады. Меруерттің мықтылығы сол, тек Әсемді ғана емес, барлық қарсыласын тізе бүктіріп, 59 келіде чемпион атанды. Ал Гүлжанат үлкен қателік жіберіп алды. Алматылық Ирина Файзуллинамен белдесуі барысында үш ұпайлық әдіс жасап жатып, өзі қарсыласының астына түсіп қалды. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» демекші, боз кілемде көптен бері көрінбей кеткен тағы бір батысқазақстандық Жанна Қазтуғанова (55 келі) бір қарсыласын жеңіп, біреуінен жеңіліп, қола жүлде үшін белдесті. Алайда ол Алматы облысының тәжірибелі балуаны Әйгерім Серкебаевадан айласын асыра алған жоқ.

21-22 сәуір күндері еркін күрестен ерлер сынға түсті. Боз кілемнің шаңын қаққан 150 балуанның алтауы батысқазақстандық. Жалпы, бұл күресте де БҚО құрамасы үшін өкінішті жерлер көп болды. Мәселен, 66 келіде облыс намысын қорғаған Асқар Қожахметовке ересектер арасында чемпион болу биыл да бұйырмады. Алғашқы белдесуінде ақтөбелік балуанды ұтқанымен, екіншісінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, астаналық Саятбек Оқасовтан, сонан соң ел чемпионатының және ҚР кубогінің жүлдегері, маңғыстаулық Фуат Мұсаевтан ұтылып, қола жүлдеге әзер қол жеткізді. Дәл осындай жүлдені батысқазақстандық Артур Мамадалиев (55 келі) алды. 3-орын орын үшін болған бәскеде ол солтүстікқазақстандық Рүстем Өтеновтен басым түсті. Ал Марғұлан бас жүлдені иемденді.

Еркін күресте еліміздің абыройын арттырып жүрген жігіттердің бірі — Қанат Бердиев. Бүгінде ол батысқазақстандықтардың сапында. Ол да 84 келі салмақта былтырғыдай жеңімпаз атана алған жоқ. Чемпиондық былай тұрсын, қола жүлдеден үмітін үзді. Аталмыш күрес түрінен БҚО-ның аға бапкері Бақытжан Ыбырайов мұны Қанаттың күзде жаттығу кезінде алған жарақатымен түсіндіреді. Соған орай қыста тізесіне ота жасатқан. Содан әлі сауығып кете алмай жүр. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, еркін күрес бойынша еліміздің ұлттық құрамасында осы 84 келі салмақ дәрежесінде ғана олимпиада жолдамасы жоқ. Кеше Астанада өткен лицензиялық турнирде шығысқазақстандық Семен Семенов оған қол жеткізе алмай қалған еді. Егер Қытайда өтетін сайыста шымкенттік Ермек Байдуашев жолдама ала алмаса, осы ел чемпионатында топ жарған С.Семенов Финляндияға барып, тағы да бағын сынамақшы.

Сөйтіп бес күнге созылған грек-рим, еркін және әйелдер күрестері бойынша ел чемпионаты жексенбі күні өз мәресіне жетті. Балуандар, бапкерлер, төрешілер және басқа да қонақтар жарысты жоғары дәрежеде ұйымдасырғаны үшін облыс басшыларына, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының жетекшілеріне өздерінің ризалықтарын білдіріп аттанды.

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера