Күй сайысына Атыраудан — 6, Маңғыстаудан — 2, Батыс Қазақстаннан 7, барлығы 15 үміткер қатысуда. Олардың бәрі де — үмітін үкілеген жастар. Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаушы домбырашылар арасында Ақылбек Бектасов, Жарас Сатыбалдиев, Ерлан Сертеков, Арман Қадыралиев сынды бұрыннан да оза шауып, жүлде алып жүргендер бар.
Байқаудың ашылу рәсімінде соғыс және еңбек ардагерлері Бисен Жұмағалиев, Мұқтар Әжіғұлов сайысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, күй сайысын ұйымдастырушы «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының директоры Темірхан Елеубаев мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан халық әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловтің айтуынша, бұл байқау — алдағы үлкен жұмыстардың тырнақалдысы ғана. Болашақта байқау аясы кеңейе түсетін болады.