Оралда орынборлықтар концерт қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда орынборлықтар концерт қойды

Оралда орынборлықтар концерт қойды

31 наурыз күні кешкісін «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының залында Орынбор мемлекеттік академиялық орыс халық хоры әртістері концерт қойды.

  • 1 Сәуiр 2011
  • 531
Фото - Caravan.kz

Шара алдында Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг «Екі аймақ арасындағы ежелгі достық байланыс жылдан-жылға нығайып келеді. Бұл — алдымен екі ел басшыларының зор еңбегі. Біздің өлкеде 118 ұлт пен ұлыстың өкілі тұрып, еңбек етуде. Орынбормен шектесіп жатқан сіздің облысқа дегенде көңіліміз тіпті жақын. Рахмет сіздерге, көршілер» деген алғысын білдірді. Орынбор облысының губернаторы БҚО әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке екі ел достығының айғағындай болсын деп екі өлкенің тарихы, іскерлік, достық байланыстар туралы мәліметтер жинақталған атлас кітабын, Абай мен Пушкин өлеңдерінің қос жинағын және зерттеуші Петр Рычковтың Орынбор өлкесіне қатысты еңбектерін табыс етті.

Аталмыш хордың негізін 1958 жылы талантты музыкант және фольклоршы, РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі Яков Хохлов құрған. Бүгінгі таңда академиялық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Владимир Позднеев. Жайықтағы концертке сексеннен астам адам қатысып, нағыз жанды дауыс сахнадан кең залдағы әрбір көрерменнің жүрегіне жетіп жатты. «Оренбуржцы казаки», «Величие Урала» хореографиялық қойылымдары, казактардың ежелгі әні «На серебренной реке», Орынбор казактарының полькасы «Ой-ра», халықтық серуеннен үзінділер әнмен, бимен көрсетіліп, бірін-бірі алмастырып, сахнаның сәнін келтірді.

Концерттің екінші бөлімінде ұлттық киімі бойларына жарасып, иықтарына аппақ түбіт шәлі жамылып, сахнадан бір жылылық сыйлаған хордағы әйелдер тобы орындаған «Оренбургский пуховой платок» әніне көрермендер де қосылып отырды. Одан әрі ән мен биден құралып, тұтас бір үндестік тапқан «Башлык», «Оренбургский казачок», «Завалина» көріністері де әртістердің шебер орындауымен, ұлттық нақыштағы киімдерінің сәнділігімен көз тартты.

Халықтық хордың құрамында құрылған күннен бүгінге дейін өнерін халыққа сыйлап жүрген Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Иван Скуратов, одан кейінгі толқыннан Людмила Рябуха, Антонина Николаева, Людмила Суханова сияқты әншілер, Светлана Гремицкая, Светлана Щукина, Сергей Тишков сияқты бишілер талай елдің көрермендерін таң қалдырып, ұлттық өнерлерін өрістетуге үлес қосып келеді.

Екі сағат бойы әншілер мен бишілерді сүйемелдеп отырған халық аспаптар оркестрінің (жетекшісі Анатолий Тищенко) мүшелері де қошеметке лайық.

Концерттен кейін облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов батысқазақстандықтар атынан осындай тамаша кеш сыйлаған орынборлықтарға ризашылығын білдірді.

Перейти к новостям спорта