Оралда өтетін республикалық театрлар фестиваліне барлығы 14 театр қатысады - kaz.caravan.kz
  • $ 511
  • 602.72
-8 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда өтетін республикалық театрлар фестиваліне барлығы 14 театр қатысады

Оралда өтетін республикалық театрлар фестиваліне барлығы 14 театр қатысады

16-23 қыркүйек аралығында Орал қаласында атақты режиссер, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған ХХ республикалық театрлар фестивалі өтеді.

  • 14 Қыркүйек 2012
  • 476
Фото - Caravan.kz

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ардақ Нықмұқанованың хабарлағанындай, фестивальға барлығы 14 театр қатысады. Соның ішінде А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры мейман ретінде келіп, 17 қыркүйек күні «Шығыстың қос саңлағы: Мәмбетов пен Айтматов әлемі» атты гала-концертте өз өнерлерін көрсетеді.

16 қыркүйек күні фестиваль қонақтарын, Ә.Мәмбетовтің отбасын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдайды. Сол күні Әзірбайжан Мәмбетовтің мүсіні және театр қайраткеріне арналған көрме ашылып, «Сахна сардары — Әз-аға!» еске алу сағатында деректі фильм көрсетіледі. Абай атындағы орталық алаңда театр жәрмеңкесі өткізіліп, әртістер ортаға шығып, қызыл кілемнің үстімен жүріп өтеді. Кешкісін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры кезінде Ә.Мәмбетов Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша сахналаған «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасын байқаудан тыс қояды. Әзірбайжан Мәмбетов өмірінің соңына дейін оншақты жыл бойы еңбек етіп, аяғынан тік тұрғызып кеткен астаналық театр фестиваль қазылары мен жұртшылық назарына келесі күні Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясын ұсынады. Басқа театрлар да өздерінің таңдаулы туындыларын бәйгеге қоспақ. Биылғы фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі, алты театрдан орыс труппасы келіп, өз өнерлерін сарапқа салады.

Фестиваль аясында 18 қыркүйек күні М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Мәмбетов мұрасы және қазіргі қазақ режиссурасының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған мамандар өз ой-пікірлерін ортаға салады. 20 қыркүйекте облыстық қазақ драма театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент Болат Атабаев «Актерлік шеберлік мектебі және әдістемесі» тақырыбында шеберлік сағатын өткізеді.

Театр тойы 23 қыркүйек күні қорытындыланып, лауреаттар марапатталады.

Перейти к новостям спорта