Оралда Қазақстан театрларының республикалық ХХ фестивалі басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 511
  • 602.72
-8 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда Қазақстан театрларының республикалық ХХ фестивалі басталды

Оралда Қазақстан театрларының республикалық ХХ фестивалі басталды

16 қыркүйек күні Оралда атақты режиссер, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты,

  • 17 Қыркүйек 2012
  • 603
Фото - Caravan.kz

Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының ХХ республикалық фестивалі басталды.

Алдымен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Ә.Мәмбетовтің мүсіні мен оның тұтынған бұйымдары, режиссер туралы кітаптар қойылған көрме ашылды. Ұлы сахнагерді еске алу сағатында жылы лебіздер айтылды.

Кеш қонақтары мен қазылар алқасының мүшелерін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады.

Абай атындағы алаңда аты елімізге танымал сахна шеберлері мен фестивальға қатысушы театрлар шеруі болып, облыстық қазақ драма театрының фойесінде республикалық шара салтанатты түрде ашылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, биылғы фестивальдің ерекшелігі, сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетовке арналуы. Оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ақ Жайық өңіріне аяқ басқан театрлар ұжымдарына қош келдіңіз айтқан әкімнен кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәрібжанова сөз алып, министр Дархан Мыңбайдың құттықтау хатын оқып берді. Белгілі айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев арнау өлеңін жолдады.

Орал сахнасында Астана қаласынан келген Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасын (режиссері Ә.Мәмбетов) байқаудан тыс қойды. Режиссердің көзі тірісінен бері қойылып келе жатқан спектакльді батысқазақстандықтар жылы қабылдады.

Өнер тойының шымылдығын 17 қыркүйек күні елордалық аталмыш театр Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясымен ашады. Содан кейін кезекті Астана қаласының жастар театры алып, Н.Гогольдің «Ревизорын» ұсынбақ. 18 қыркүйекте Ф.Достоевский атындағы Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театры А.Чеховтың «Покорнейше прошу…» музыкалық әзілін, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын, 19 қыркүйекте М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры Дж.Патриктің «Қымбатты Памела» комедиясын, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры «Зілзала» эссесін (М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», С.Цвейгтің «Амок» туындылары бойынша), алматылық «Ақсарай» мюзикл театры А.Володиннің «Махаббат деген қандай-ды…» драмасын қояды. 20 қыркүйекте К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры А.Чеховтың «Чайка» пьесасы бойынша фантазиясымен, Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры А.Островскийдің «Гроза» трагедиясымен, 21 қыркүйекте республикалық неміс драма театры (Алматы қаласы) В.Брехтің «Исключение и правило» шығармасымен, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегімен», 22 қыркүйекте А.Островский атындағы Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театры А.Островскийдің «Орман» комедиясымен, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» драма-дастанымен сахнаға шығады. Спектакльдер Оралдағы қос театрдың сахнасында қойылмақ.

23 қыркүйекте мәреге жететін өнер додасына барлығы 13 театр қатысуда. А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры қонақ ретінде Ақ Жайыққа келді. Театрлар өнеріне белгілі сыншы Сәния Қабдиева бастаған қазылар алқасы төрелік етеді.

Перейти к новостям спорта