Оралда сот орындаушылары ғимараттан жұмысшыларды басшысымен қоса қуып шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда  сот орындаушылары ғимараттан жұмысшыларды басшысымен қоса қуып шықты

Оралда сот орындаушылары ғимараттан жұмысшыларды басшысымен қоса қуып шықты

Басшысымен қоса қуып шықты! Оралдағы жол құрылысы кәсіпорынының қызметкерлері компанияларын рейдерлік жолмен тартып алғанын айтуда. Оларды кеңселерінен әй-шәйға қарамастан шығарып жіберген. Мұндай бассыздыққа қайран қалған құрылысшылар тіпті ертесіне де жұмыс орнынан кіре алмай қалыпты. Өйткені есік алдында белгісіз біреулер бөгет жасаған. Бұл жағдайға прокурорлардың араласуына тура келді.

  • 8 Сәуiр 2015
  • 234
Фото - Caravan.kz

Бұл азаматтар түкке түсінбей дал. Күні кеше ғана кеңселерінде отырған. Енді белгісіз біреулер баса көктеп кіріп, бастықтарымен қоса желкелеп қуып шығыпты. Содан бері есіктерінен кіре алмай жүр.

Сәуия Құрманова, есепші:

-Ешбір құжат көрсетпеді. Сендерге білудің қажеті жоқ дейді. Мен онда басшымызды күту керектігін айттым. Оның  рұқсатынсыз кіруге құқықтарың жоқ деп едім, олар пысқырмады да.

Сөйтсе, «шаш ал десе, бас алуға» бейілдер бұзақылар емес, жеке сот орындаушылары екен. «Орал жол құрылысы» компаниясы көптен бері банктердің біріне қарыз болып, ақыры ақшасын төлей алмаған соң іс сотқа дейін барған. Бірақ қандай да бір шешім шықпай жатып, сот орындаушылары құрылысшылардың ғимаратын әлден тартып алмақ болыпты.     

Болат Құрманов, «Орал жол құрылыс» АҚ директорының орынбасары:

-Сот әлі жүріп жатыр. Ал олар болса, іс бітпей жатып бас-көз демей басып кірді. Айтуларынша, өткен жылы өтіп кеткен бір сот шешімін орындап жатыр екен. Бірақ қолдарында ешқандай қаулы да, құжат та жоқ. Солай жасауға бола ма?

Құрылысшылардың айқайына тәртіп сақшылары дереу жетті. Бірақ сот орындаушылары кілттеп кеткен есікті сол күйі аштыра алмады. Ақыры іске прокуратура қызметкерлерінің араласуына тура келді.


— Уақыт бар ғой! Қала прокуроры сіздерді қабылдап, мәселені шешеді. Сосын жұмыстарыңа қайта кірісесіңдер!

-Жоқ, біз жолдарды жауып тастаймыз!

Сот орындаушыларының әрекеті уақытша тоқтатылды. Тараптар сот шешімін күтетін болды. Ал тапа-тал түсте далаға қуылған жұмысшылар мен директор бейсенбіден бастап кеңселеріне қайта орала алады.