Оралда су бағасы арзан болып тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда су бағасы арзан болып тұр

Оралда су бағасы арзан болып тұр

Статистикалық мәліметтер көрсетіп отырғанындай, елімізде ең арзан су - Оралда.

  • 30 Мамыр 2011
  • 511
Фото - Caravan.kz

Оралдықтар бір текше метрге 17,95 теңге төлейді. Көкшетау, Қостанай, Қарағанды шаһарларындағы баға 50 теңгеге жуықтайды. Ал Ақтаудағы тариф он есе көп. Республика бойынша орташа көрсеткіш 45,09 теңгеге тең.

Қаладағы арзан тариф тұрғындарға өте қолайлы болғанымен, «Орал су арнасы» МКК-ны әбден қиын жағдайға түсірген. Кәсіпорын директоры Қайырғали Имашевтің айтуынша, Оралдағы су желілерінің жетпіс пайызға жуығы тозған. «111 шақырым су, 59 шақырым кәріз жүйесі құбырлары әбден шіріп бітті. Яғни жүз пайыз жарамсыз. Қазіргі тариф 2006 жылдың 1 мамырында бекітілді. Сол кезден бері көп нәрсе өзгерді. Мысалы, жұмыс барысында пайдаланатын химиялық реагенттер 62-200, жанар-жағармай және өзге де материалдар — 60, басқа мекемелердің қызметі — 30 пайызға дейін жоғарлады. Соңғы төрт жыл ішінде кәсіпорын теңгеріміне 0,4 шақырым су желісі, 37,1 кәріз жүйесі, 3 кәріздік насос стансысы қабылданды. Сондай-ақ құны 4 млрд. теңгені құрайтын айналмалы кәріз коллекторының жаңа учаскесі де берілді. Соған орай біз бюджетке жыл сайын 40 млн. теңге көлемінде мүлік салығын төлеп келеміз. Аталмыш құрылғыларға байланысты амортизациялық төлемдеріміз 130 млн. теңгеге жетті. Қазіргі қолданыстағы тарифпен бұл шығындар қарастырылмағаны белгілі. Осы және өзге де себептерге байланысты өткен жылды 342 млн. теңге шығынмен аяқтадық. Жуық арада тариф көтерілмесе, бюджеттен көмек көрсетілмесе облыс орталығын сумен қамтып отырған кәсіпорнымыз тұралап қалуы ықтимал», — деді ол.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің бастығы Қуаныш Кенжеғалиевтің сөзіне қарағанда, су тарифін көтеру жайы өткен жылы басталған. Түрлі себептерге байланысты ол жүзеге аспай қалған. Бұл мәселе биыл тағы да көтерілуде. «Табиғи монополиялар және реттеу нарығы туралы» Заңға сәйкес, Үкімет қаулысымен бекітілген арнайы ережелер негізінде жаңа тарифті бекіту бағытында жұмыстар жүруде. 27 шілдеге дейін жұмыс тобының отырыстары, қоғамдық тыңдаулар өтпекші. Осы жиындардың қорытындысы бойынша тарифті көтеру туралы шешім қабылданса, 1 қыркүйектен бастап судың бағасы өсетін болады.

Соңғы жаңалықтар