Аталмыш шараға жекелеген білім мекемелерінен студенттер мен оқушылар қатысып, ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің көркем шығармаларына талдау жасады. Байқауға 14 үміткер бақ сынады.
Қадыр оқуларының бас жүлдесі Орал қаласындағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектептің оқушысы Жантілеу Нуфтуллинге, 1-орын М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ студенті Айнұр Тағаеваға бұйырды. Ал Еркебұлан Ақкереев (Ә.Молдағұлова атындағы №38ЖОББМ) пен Шыңғыс Бақтығали (№44 ЖОББМ) екінші орынға тұрақтады. Үшінші орынды Гүлнұр Нұрлыбаева (№4 ЖОББМ), Арайлым Аққалиева (Ж.Молдағалиев атындағы №2 ЖОББМ) және Әзиза Әжғалиева (А.Тайманов атындағы №34 ЖОББМ) еншіледі. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқауға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қайрат Жұмағалиев төрелік етті.
Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы Қадыр оқуларын енді жыл сайын ұйымдастырмақшы.