Оралда жылдамдығы жоғары «Сағым» катері сынақтан өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
1 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оралда жылдамдығы жоғары «Сағым» катері сынақтан өтті

Оралда жылдамдығы жоғары «Сағым» катері сынақтан өтті

Орал қаласындағы «Гидроприбор» АҚ ғылыми-зерттеу институтында құрастырылған «Сағым» жоғары жылдамдықты катері сынақтан сәтті өтті.

  • 5 Қараша 2012
  • 586
Фото - Caravan.kz

Катерді таныстыруға арналған жиында тапсырыс иесі, ҚР Қорғаныс министрлігінің еншілес кәсіпорны болып табылатын «Қару-жарақты басқару жүйелерін енгізудің бірыңғай орталығы» ЖШС бас директоры Құралбек Әбдрахманның атап өткеніндей, «Сағым» катері Каспий өңірі мемлекеттерінде теңдесі жоқ техника болмақ. Өйткені бүгінгі таңда сағатына 100 шақырымнан артық жылдамдықпен жү­ре алатын мұндай су көлігі Каспий теңізін жағалай отырған Түркіменстан мен Иранда да, Әзербайжан мен Ресей Федерациясында да жоқ.

Жүрдек катердің жобасы «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтында жасалған. Шетелден (Италиядан) әкелінген қозғалтқыш моторды қоспағанда, катер толықтай отандық өнім деп айтуға болады.

-Біз бұған дейін «Сапсан» атты катердің 18 данасын шығардық, қазір олар еліміздің барлық су қоймаларында қызмет етуде, — дейді «Гидроприбор» ҒЗИ АҚ бас директоры Александр Гнеломедов. — Жаңа катердің жобасына екі жыл бұрын кіріскенбіз. Тайыз сулы өңірде, ішкі суларда жүруге, маневр жасауға ыңғайлы мұндай көлік мемлекеттік шекараны күзетуге, су айдындарын браконьерлерден қорғауға, құтқару жұмыстарына таптырмайды.

Оның сөзіне қарағанда, катердің жалпы құны 200 млн. теңгені құрайды. «Сағымның» қызмет ету мерзімі 15 жыл болса, «Гидроприбор» АҚ барлық жөндеу-қалпына келтіру қызметін өздері атқармақ. Шетелдік осындай көлік еліміз үшін
2-3 есе қымбатқа түсетіндігін әрі оған техникалық қызмет көрсету үшін шетелдік мамандарға тағы тәуелді болатынымызды ескерсек, оралдық жаңа катердің бағасы өсе түседі.

Катер әдеттегідей вентиляторлы двигатель емес, суатқыш қондырғы күшімен қозғалады екен. Яғни ұзындығы 11 метрлік «Сағымның» бар денесі жұп-жұмыр, артық бөлшегі жоқ. Бұл тайыз суда балық аулағыш құралдардың (су астында құрулы жатқан) үстімен емін-еркін өтуге мүмкіндік беретін көрінеді. Каспийдегі кез келген браконьер де енді «Сағымнан» құтылмайды. «Елімізде әр түрлі сала бойынша осындай жүрдек катердің жылына 10-15 данасы қажет болады» дейді А.Гнеломедов. Тапсырыс болса, «Гидроприбор» жұмысқа әзір. Тіпті көрсеткіштері бойынша әлемдік деңгейдегі мықты катерлермен иық тіресіп қалатын «Сағымға» өзге мемлекеттердің де көзі түсіп, ұнатып қалар деген үміт те жоқ емес.

Соңғы жаңалықтар