Отырыста атап көрсетілгеніндей, үйлерінде тікелей немесе оған таяу жерде мейрамханалар мен кафелер орналасқан үйлердің тұрғындарынан келіп түсетін арыз-шағымдар көбейді. Қалалықтар көңіл көтеру орындарындағы шуыл мен музыка түн мезгілінде тыныш ұйқы бермейтін болғанына шағымданады. Қала әкімінің орынбасары Аманжол Зейнулиннің айтуынша, қалалық СЭС мамандары жүргізген шуыл өлшемдері жағдайдың мүшкіл екенін көрсетті. Дауыстың қаттылығын өлшейтін аспаптардың көрсеткіші шектеулі шамадан асып жығылған.
Осыған байланысты қалалық әкімшілік тұрғын үйлерде және оларға жақын аумақтарда орналасқан мейрамханалар мен кафе қожайындарына түнгі 23 пен таңертеңгі 6 сағат аралығында музыканың даусын азайтуға міндеттеме берді. Бұл талапты орындамаған мейрамханалар мен кафе қожайындарына аталмыш қызметпен айналысу жөніндегі лицензиядан айыруға дейінгі әкімшілік жаза жүктелетін болады.