«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің хабарлағанындай, бірінші допты алаң иелері соқты. 21-минутта Жандос Ахметов баспен қақпаны дәл көздеді. 33-минутта «Ақжайықтың» шебер ойыншыларының бірі Бауыржан Омаровтың қолмен қойғандай етіп берген пасынан кейін команданың сұрмергені, беларусь легионері Игорь Зенькович есепті теңестірді.
Екінші тайм қонақтардың басымдылығымен өткенімен, есеп өзгерген жоқ. Сөйтіп қосымша уақыт белгілеуге тура келді. Осы қосымша уақыттың алғашқы он бес минуттық кезеңінде «Лашынның» айып алаңына екпіндей енген Алексей Мальцевті қорғаушылар ереже бұзып қана тоқтатты. 11 метрлік айып добын И.Зенькович дәл орындап, командасына жеңіс алып берді.
Сөйтіп 2:1 есебімен бірінші лигада ойнайтын «Лашынды» ұтқан «Ақжайық» кубоктің келесі кезеңіне өтті.