Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы инстаграмдағы alhamdulillah_musylmanbyz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алланың елшісі Мұхаммед Саллалаһу əлейһи уа сəллəм айтыпты:-" Егер де кімде кім Оразаның уақытын хабарласа тозақ отынан сақтанғаны, оған тозақ оты харам етілді ". Аталған хабарды бөлісіңіз! Осы Хадис каншалыкты рас? Жандос.
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Дін мамандарының айтуынша «Оразаның келуімен хабарлаған адам тозақтан аман қалады» немесе «тозақ оты оған харам болады» деген хадис жоқ.
Және әлгіндей болмашы іс үшін көп дүниені уәде ететін хадистер көбіне ойдан шығарылған «жалған хадистер» болып келеді[1]. Хадис – діннің Құраннан кейінгі негізгі қайнар бұлағы. Жалған хадистер көбейсе діннің ақиқаттығына көлеңке түсіп, сафтығы кірбің шалады. Сондықтан да, хадис ретінде тарататын дүниелердің дұрыс-бұрыстығына аса мән берілген жақсы.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахих бір хадисінде: "Кім менің атымнан әдейі жалған сөйлетін болса, тозақтағы орнына дайындала берсін", — деп қатаң ескерткен[2]. Басқа бір «сахих» хадисте: "Кімде-кім өтірік екендігі білініп тұрса да хадис риуаят етер болса (жалған екендігін біле тұра өзгеге айтса "хадис" деп), ол да өтірікшілердің бірі", — делінеді[3]. Әйтсе де, бұл "Рамазан айының уақытын жария ету немесе Рамазан айымен құттықтау харам" деген сөз емес. Пайғамбарымыз да Рамазан айының келуімен құттықтап, сүйіншілейтін (Имам Ахмад: Мүснәд — №6972 хадис). Жақсылықтың жаршысы ретінде сауап та болады, Алла қаласа. Алайда, жоғарыдағы жалған мәліметті арқау етіп: "Ораза уақытын хабарлау — тозақтан құтылудың бірден-бір жолы" деп сену әрі ондай мәліметті тарату дұрыс емес. [1] Имам Сүюти: Әлфия – 41 бет.
[2] Бухари — №1291 хадис.
[3] Мүслім; Ибн Мәжә — №38 хадис.
Абдусамат Қасым