Осы орайда Kazinform агенттігі ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің тыныс-тіршілігін көрсетеді.
Ұлттық табиғи парктің жалпы ауданы 83 мың гектардан асады, оның ішінде 47 мың гектар аумағын орманды алқап алып жатыр. Бұл мекеме 7 орманшылықтан құралады:
— Ақылбай,
— Бурабай,
— Қатаркөл,
— Золотобор,
— Бармашын,
— Мирный,
— Приозерный.
Бұдан бөлек қосымша өндірістік салаға байланысты қызмет көрсететін орындар бар.
Ұлттық паркте 500 адам жұмыс істейді, оның ішінде 250 инспектор бар. Олардың бірі Есімтай Құрманқұлов Бурабай ұлттық паркінің Бармашын орманшылығында 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.
«Біздің басты міндетіміз – орманды қорғау, жасыл желекті күтіп-баптау, жабайы аңдардың тіршілігіне көмек көрсету. Жаз айынан бастап, ағаштарға санитарлық тексеру жүргіземіз, қураған, қураған ағаштарды алып, жаңа шыбықтың өсуіне жағдай жасаймыз. Өрт қаупі туындағанда кезекшілікті тоқтатпаймыз. Жабайы аңдарға шөптер мен жапырақтардан шамамен 12-13 мың қыстық азық дайындаймыз. Өйткені қыс қатты болса, қар қалың жауса, бұғылар тебіндеп жайыла алмайды. Қыстың күні арнайы дайындалған оттықтарды аптасына екі рет толтырып отырамыз, жапырақ, шөп, тіпті тұз қоямыз», — дейді орманшы агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Бармашын орманшылығы Щучье қаласымен шектесіп жатыр. Сол себепті мұнда келетін туристер, демалушылар өте көп. Өкінішке қарай, ұлттық парк аумағына машинамен кіріп, қоқыс лақтырып кететіндер де кезігеді.
«Көп жағдайда туристермен жұмыс жүргіземіз, ескеру жасап, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 380-бабы бойынша хаттама толтырамыз. «Біз осы жерде туып-өстік, неге емін-еркін жүруге тыйым саласың?» дейтіндер де кездеседі. Оларға ұлттық парктің өз ережесі бар екенін түсіндіреміз. От жағып, самаурын мен мангал қойғысы келетіндерге арнайы орын бар екенін айтамыз. Көл жағаларында патруль жүргіземіз. Табиғи тастарға есімін жазып, вандализмге жол беретіндер бар, бұл да дұрыс емес. Ол үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Соңғы 4 жылда курорттық аймақта көлік кептелісі көбейді, бұл табиғатқа, экологияға әсер етпей қоймайды. Сондықтан автокөліктерге автотұрақ ашылып, туристерді арнайы автобустармен тасымалдаса деп ойлаймын», — деп түсіндірді Е. Құрманқұлов.
Мамандардың көпшілігі жекелеген кордондарда тұрады, 12 отбасы жаңадан салынған баспанаға көшірілді. Сондай-ақ 18 жас маманға жатақханадан орын берілген.
«Менің жолдасым 1997 жылдан бері осы орман шаруашылығында жұмыс істеп келеді. Ол кезде жас отбасы болдық. Балаларымыздың алды елде туып-өссе де, әрі қарай кордонда, жасыл желектің арасында, сұлу табиғаттың таза ауасында өсті. Тағы екі баламыз осы орман шаруашылығында дүниеге келді. Қазір балаларымыз оқу оқып, үлкен қалада жұмыс істеп жүр, бірақ әрдайым табиғатты, таза ауаны аңсап келеді. Қайда жүрсе де, табиғатқа жанашырлық танытуды ұмытпайды. Орманшылар тәулік бойы жұмыс орнында болуы керек, орманды өрт секілді оқыс оқиғалардан күзетуі керек. Сондықтан ұлттық парк аумағындағы кордонда тұрып келеміз. Үйіміз жылы, ыстық су, санитарлық торабына дейін бар жағдай жасалған», — дейді кордон тұрғыны Айсұлу Құлбұлдинова.
Орманшы жұмысының қызығы да, қиындығы да бар. Олар күндіз-түні орманның сақталуын, тазалығын, ағаштар мен аң-құстың жай-күйін күзетеді.
Күзгі уақытта – браконьерлер күшейетін тұста түнгі күзетке шығады.
«Өрт болғанда тіпті қиындай түседі. 2000 жылдардың басында біздің орманшылықта қатты желден алапат өрт болған еді. Орманшылар бір ай бойы табиғи өртті сөндірумен айналысты, ал біз затымызды буып-түйіп, дайын отырдық. Осындай ауыр жұмыстарда біздің жігіттер қатты желге, аптап ыстыққа, жауын-қарға қарамай, өз жұмыстарын жақсы атқарады. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы – тұтас еліміздің інжу-маржаны саналады. Келушілер – ақындарға, әншілерге шабыт сыйлаған керемет жерімізді аялап ұстаса деймін», — дейді А. Құлбұлдинова.
Айта кетейік, елдегі мемлекеттік орман қорының көлемі 30 млн гектардан асады. Оның 75 пайызы облыстық әкімдіктер қарамағында болса, қалған 25 пайызы табиғатты қорғау комитетіне қатысты.
Елімізде 10 мемлекеттік табиғи қорық пен 14 ұлттық табиғи парк бар. Бүгінде мекемелерде өрт сөндіру машиналарының 72 пайызы, тракторлар мен патрульдік көліктердің тең жартысы тозған. Сондықтан алдағы бес жылда табиғатты қорғау ұйымдары үшін 68 млрд теңгеге техникалар сатып алынады. Ал былтыр мыңнан астам техникамен толыққан.