Орталық Азия елдерінде тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) мен улы қалдықтарды басқару мәселесі экологиялық тұрғыдан апатты болып отыр. Бұл туралы Орталық Азия зерттеулері дабыл қақты, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанды қамтитын өңір қалдықтардың көлемінің артуы, оларды жоюдың ескірген әдістері және қайта өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігі сияқты күрделі түйткілдер жылдам шешімді қажет етеді, дейді мамандар. Көбіне санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейтін қоқыс полигондары топырақты, жерасты суларын және ауаны ластап, экологияға үлкен қауіп төндіруде. Бұл ретте, қалдықтарды қайта өңдеу технологиясы бойынша тәжірибесі мол Ресей көршілер елдерге білім мен шешімдермен бөлісе бастады. Бұл тәжірибе маңызды рөл атқарады.
Орталық Азияда жыл сайын шамамен 15 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады.Оның небәрі 15%-ы ғана қайта өңделеді. Қазақстанда KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының дерегіне сәйкес, қалдықтардың тек 11%-ы өңделіп, 89%-ы полигондарға тасталады. Өзбекстанда 137 ТҚҚ өңдеу кәсіпорны болғанына қарамастан, бұл көрсеткіш 14–15% шамасында. Қырғызстан мен Тәжікстанда жағдай тіпті нашар — қалдықтардың 5%-дан азы ғана өңделіп, қалғаны негізінен бейберекет жиналған қоқыс алаңдарына тасталады.
“Бұл сандар жүйелік проблеманы айқын көрсетеді. Сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымы жоқ, халықтың экологиялық мәдениеті төмен», — делінген зерттеуде.
Өңірдегі қоқыс полигондары қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіруде. Қазақстанда 3520 қоқыс алаңы мен полигоны бар, олардың 82,4%-ы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Көпшілігі топырақ пен жерасты суларына уытты заттардың сіңіп кетуін болдырмайтын оқшаулау жүйелерімен жабдықталмаған.
Өзбекстанда өңірдің барлық қалдықтарының шамамен 45%-ы Ташкент, Самарқанд және Ферғана облыстарында жиналады. Ахангаран ауданында Азия даму банкінің қолдауымен 78,7 миллион долларға салынған жаңа санитарлық полигон осы саладағы сирек үлгіге айналғанымен, ел ауқымындағы мәселені шеше алған жоқ. Қырғызстанда Ыстықкөл жағалауындағы бейберекет қоқыс орындары ғасырлар бойы ыдырамайтын пластик пен жануарлар қалдықтарын қамтып, инфекциялық аурулар қаупін күшейтуде. Тәжікстан мен Түрікменстан да қалдықтарды көміп тастау мен ашық жағу сияқты ескі тәсілдерге сүйенеді, бұл өз кезегінде диоксиндер мен басқа да улы заттардың бөлінуіне әкеледі.
Электронды және өнеркәсіптік қалдықтарды қоса алғанда, улы қалдықтар мәселені күрделендіре түседі. Өзбекстанда 45 мың тонна электронды қалдық жиналып, бұл көрсеткіш бойынша ел Орталық Азияда екінші орында тұр. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан тұрақты органикалық ластағыштар жөніндегі Стокгольм конвенциясына, ал Қазақстан мен Қырғызстан қауіпті химиялық заттар айналымын реттейтін Роттердам конвенциясына қол қойған. Алайда бұл міндеттемелердің нақты орындалуы шектеулі. Алюминий өндірісіндегі қызыл шлам мен мұнай қалдықтары сияқты өндірістік қалдықтар көбіне қажетті оқшаулау шараларынсыз сақталады.
Мысалы, Қызылордада күріш қауызы мен мұнай шламдарын құрылыс материалдары мен энергетикалық шикізатқа айналдыру технологиялары әзірленгенімен, бұл бастамалар жергілікті деңгейде қалып, кеңінен қолданылмай отыр.
Қоқыс дағдарысы және ынтымақтастық әлеуеті
Орталық Азия экологиялық таңдаудың алдында тұр. Өзінің қоқыс дағдарысымен бетпе-бет келген Ресей қалдықтарды қайта өңдеу технологияларын әзірлеуде үлкен тәжірибе жинақтады. 2018 жылы Ленинград облысындағы 2 миллион тонна уытты қалдық сақталған «Қызыл Бор» полигоны секілді қоқыс алаңдарының толып кетуіне байланысты елде жаппай наразылықтар басталды. Бүгінде Ресейдегі қоқыс полигондарының жалпы аумағы 4 миллион гектарға жетіп, жыл сайын тағы 300 мың гектарға ұлғайып келеді. Осы дағдарысқа жауап ретінде билік «Экология» атты ұлттық жобаны қабылдап, 2024 жылға дейін ТҚҚ қайта өңдеу үлесін 5-7%-дан 36%-ға дейін арттыруды көздеді. Орталық федералды округ үшін бұл көрсеткіш 60%-ға жетуі тиіс. Ресей термиялық өңдеу, сұрыптау және екінші қайтара пайдалануға арналған шикізатты өңдеу технологияларын белсенді дамытып жатыр, оның ішінде қалдықтардан түйіршікті өнім жасау және құрылысқа қолдану бар.
Ресейдің Орталық Азияға технология беруі 2010-жылдары басталғанымен, тек соңғы жылдары жүйелі сипат ала бастады. Қазақстанда ресейлік компаниялар полигондарды жаңғырту мен сұрыптау жүйелерін енгізуге қатысып жатыр. Мысалы, Астана мен Теміртауда қалдықтардың 90%-ға дейін қайта өңделуі Ресей тәжірибесіне негізделген технологиялардың арқасында мүмкін болып отыр. Өзбекстанда ресейлік сарапшылар «Артель» зауыты сияқты кәсіпорындарға кеңес береді, мұнда пластик қалдықтары өңделеді. Қырғызстан мен Тәжікстан да техникалық көмек алуда, бірақ бюджеттердің шектеулілігі себебінен көлемі аз.
Ресей ұсынатын негізгі технологиялар қатарына автоматтандырылған сұрыптау желілері, энергия өндірумен қатар жүретін термиялық өңдеу және қайталама материалдар өндірісі кіреді. Ресейде 2019 жылдан бастап қоқысты жағу, егер ол энергия генерациясымен бірге жүргізілсе, утилизация ретінде есептеледі. Мұндай қондырғылар диоксин шығарындыларын азайтатын сүзгілермен жабдықталған. Ал Орталық Азияда бұл технологиялар кең таралмаған, тым қымбат. Бір қоқыс өртеу зауытын салу 100–150 миллион доллар. Оның орнына Ресей қолжетімдірек шешімдер ұсынды. Мысалы, оптикалық сепараторлар мен қалдықтарды брикеттеу технологияларын ұсынуда. Олар қалдықтарды сақтау мен тасымалдауды жеңілдетеді.
Алайда ынтымақтастықтың тиімділігі бірнеше факторлармен шектелуде.
Біріншіден, Орталық Азия елдерінде қайта өңдеуді ынталандыратын нормативтік база жоқ. Ресейде барлық проблемаларға қарамастан, өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі жүйесі жұмыс істейді, бұл компанияларды өз өнімдерінің бір бөлігін міндетті түрде қайта өңдеуге мәжбүрлейді. Ал Орталық Азияда мұндай механизмдер жоқ, бұл бизнестің қызығушылығын төмендетеді.
Екіншіден, қаржыландыру басты кедергі. Өзбекстанда 2017–2021 жылдар аралығында қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға шамамен 1 триллион сум (шамамен 100 миллион доллар) бөлінсе де, бұл толыққанды инфрақұрылым құру үшін жеткіліксіз. Қазақстанда полигондардың 82,4%-ы жаңғыртуды қажет етеді, оған миллиардтаған доллар қажет. Қырғызстан мен Тәжікстан халықаралық донорларға, мысалы, Дүниежүзілік банкке тәуелді, алайда ол тек полигон салуға қаржы бөліп, қайта өңдеуге инвестиция салмайды.
Үшіншіден, халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі қалдықтарды сұрыптау жүйесін енгізуді қиындатып отыр. Ал бұл қайта өңдеудің негізгі шарты. Ресейде сұрыптау жүйесі үй шаруашылықтарының 20%-ын қамтыса, Орталық Азияда бұл көрсеткіш 5%-дан аспайды. Өзбекстандағы Hashar Week сияқты жобалар халықтың экологиялық білімін арттыруға тырысқанымен, олардың ауқымы шектеулі.
Төртіншіден, басқару тиімділігінің төмендігі де бұл саладағы ілгерілеуді тежейді.
Халықаралық жағдай да әсерін тигізіп отыр. Орталық Азия елдерінің барлығы қауіпті қалдықтардың трансшекаралық тасымалын реттейтін Базель конвенциясына қол қойған, бірақ оны орындау көп жағдайда формалды сипатта. 2018 жылы Қытай 24 санаттағы қалдықтарды импорттауға тыйым салғаннан кейін өңір ішкі шешімдер іздеуге мәжбүр болды. Еуропа тәжірибесі — қалдықтардың 70%-ы қайта өңделетін өңір — инфрақұрылымға және экологиялық білімге инвестиция салудың маңыздылығын көрсетеді. Дегенмен, Қазақстан мен Өзбекстаннан басқа елдерде мұндай реформаларды жүзеге асыруға қажетті қаржылық ресурстар жоқ.
Орталық Азиядағы экологиялық жағдайды жақсартудың келешегі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, өңірлік ынтымақтастық қажет, оның ішінде технология мен тәжірибе алмасу. Ресей сұрыптау мен брикеттеу сияқты қолжетімді шешімдер ұсына отырып, бұл үдерісте маңызды рөл атқара алады. Екіншіден, өңір елдері қайта өңдеу кәсіпорындарына салықтық жеңілдіктер мен міндетті сұрыптау жүйесін енгізетін ұлттық стратегиялар әзірлеуі тиіс. Үшіншіден, Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банк секілді халықаралық институттардың көмегі тек полигон салуға емес, қайта өңдеу ісіне де бағытталуы қажет. Соңында, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында ағарту науқандарын жүргізу аса маңызды.
Орталық Азиядағы қоқыс полигондары мен улы қалдықтар экология мен халықтың денсаулығына барған сайын зор қауіп төндіруде. Ресей технологиялық тәжірибесімен бұл мәселені шешуге үлес қосып отыр, алайда жүйелі кедергілер оның ықпалын шектейді. Жағдайды жақсарту үшін инвестициялар, реформалар және халықаралық ынтымақтастықты қамтитын кешенді тәсіл қажет. Қазіргі күш-жігер бар болғанымен, ұзақмерзімді тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін жеткіліксіз.