Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті сақтауда Қазақстанның қосқан үлесі зор - Д.Назарбаева - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті сақтауда Қазақстанның қосқан үлесі зор - Д.Назарбаева

Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті сақтауда Қазақстанның қосқан үлесі зор - Д.Назарбаева

Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті сақтауда Қазақстанның қосқан үлесі зор. Бүгін, 5-наурызда "Орталық Азиядағы қауіпсіздік және сыртқы күштердің мүддесі" атты халықаралық конференцияда Жаңа саясат халықаралық институтының бақылаушылар кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 5 Наурыз 2004
  • 1072
Фото - Caravan.kz

Д.Назарбаеваның айтуынша, «Қазақстан дүниеге келген алғашқы сәттен-ақ аталмыш кеңістіктегі біріктіруші әрі жетекші күшке айналды». Бұрынғы Кеңестік республикалар арасындағы іскерлік, достық және жұмыс бабындағы байланыстар Қазақстанның күш-жігерімен сақталып қалды. «Қазақстан мен Ресей ТМД аясында белсенді роль атқаруын одан әрі жалғастыруда»,- деді Жаңа саясат халықаралық институтының бақылаушылар кеңесінің төрайымы.

Ол сондай-ақ, «Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы тәрізді аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған көптеген интеграциялық бірлестіктер туралы бастама иесі әрі оларға белсене қатысушы ел» екенін еске салып өтті.
Бұған қоса Қазақстан — «аймақтағы бірегей жоба болып табылатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес» құру туралы бастамашылардың бірі. Қазір бұл ұйымға құрлықтағы 16 мемлекет қамтылады. Д.Назарбаеваның айтуынша, бір-бірімен қырғиқабақ ахуалдағы, келіссөздер үстелінің басында мүлдем жиналмайды делінген мемлекеттердің лидерлерін Қазақстан ғана біріктіруге жол тапты.
Сондай-ақ, Д.Назарбаеваның пікірінше, Қазақстанда » өзгеше өркениет үлгісі» қалыптасып отыр. «Бізді Азия деп те, Еуропа деп те атауға келмейді. Біз шын мәнінде Шығысқа да, Батысқа да жатпайтын өліара елміз»,- деді ол. «Бұл жерде Шығысқа тән дәстүр мен ізеттілікті дәріптеу, Батысқа тән қазіргі заманғы халықаралық стандарттар мен құндылықтарды құрметтеу үрдістері бір-бірімен ешбір кикілжіңсіз, ғажайып үндестік тапқан».
Д.Назарбаеваның пайымдауынша, «қазір Қазақстанды аймақтағы қауіпсіздікті сақтау және өзара интеграциялық процесстерді алға ілгерілетуші жетекші ел деп санауға толық негіз бар». «Республика Ресеймен арадағы достық байланысты сақтап қалды, әрі осындай қарым-қатынасты одан әрі өрбітуге айрықша маңыз береді». Сондай-ақ, «Қазақстан мен Ресей Каспий проблемасын шешуде өзара мәмілеге келді. Бұл қазір Каспийді қоршай орналасқан мемлекеттердің теңізді бөлісу проблемасының моделіне айналып отыр».
Қазақстан мен Қытай арасында да іскерлік және достық байланыстар орнады,- деді Жаңа саясат халықаралық институтының бақылаушылар кеңесінің төрайымы. Екі мемлекеттің қарым-қатынасына ұзақ жылдар бойы кірбің түсіріп келген ең басты проблема — мемлекеттік шекара сызығын белгілеу проблемасы шешімін тапты. Қазір біз аймақтағы қауіпсіздікті сақтау бағытында табысты тіл табысумен бірге экономика және сауда-саттық саласындағы ықпалдастығымыз нығая түсуде.
«Қазір Қазақстан АҚШ пен Еуропа үшін аймақтағы терезесі тең әріптес ретінде танылып отыр. Еліміз бұл қарым-қатынасты жоғары бағалаумен бірге оны сақтап қалуға және одан әрі нығайтуға талпынатын болады»,- деді Д.Назарбаева. Қазақстан қазір Орталық Азия аймағындағы достық байланыс пен тұрақтылық көзіне айналды.
«Аталмыш факторлардың барлығы да АҚШ, Ресей, Еуропа, Қытай және Орталық Азияның мүдделерінің түйілісінде Қазақстан тұр деп айтуға мүмкіндік береді»,- деді Д.Назарбаева. «Қазақстан алдағы уақытта да бұл бағытта ілгерілей береді дегенге сенімім зор»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар