Партия өкілдері таратқан Орталық сайлау комиссиясының қаулысында атап көрсетілгеніндей, референдум туралы бастама көтерушілер «Республикалық референдум туралы» ҚР заңының «референдум өткізуге негіз болатын сауалдар тізімін айқындау» мәселелері бойынша заңның кейбір тармақшаларының талабын бұзып отырғаны байқалады. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы «бастамашыл топ Астана қаласы мен республиканың үш облысындағы жиынына қатысатын өкілдер туралы норма талаптарын орындамаған» деп тапты. Заңнамаға сәйкес, бастамашыл топтың жиынына әрбір облыс пен Астана және Алматы қалаларынан 30 адамнан өкіл қатысуы тиіс.
«Ақ жол» партиясы Орталық сайлау комиссиясының шешімін «негізсіз» әрі «саяси себептермен бүркемеленген» деп санайды. Бастамашыл топтың жиынына аймақ өкілдерін қатыстыру нормасы «толық орындалған» , деп мәлімдеді партия жетекшілері.
«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, партия Орталық сайлау комиссиясының шешіміне қарсы шағым түсіріп, «республикалық референдум өткізуге белсенді шаралар қолдануға дайын».
Сонымен бірге партия жетекшілерінің хабарлауынша, бүгінде республика аймақтарында референдумға дайындық жұмыстарымен айналысып жүрген «Ақ жол» өкілдеріне «жергілікті атқарушы билік және құқық қорғау мекемелері тарапынан қатаң қысым көрсетілуде».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың 31-шілдесінде өткен «Ақ жол» партиясының төртінші құрылтайында партия референдум өткізу туралы бастама көтеруге ниет білдірген. Партия өкілдері онда Қазақстанда электронды дауыс беру үрдісін енгізу, жерді субарендаға беру мерзімін ұзарту, бюджетті ұйым қызметкерлерінің жалақысын тез арада көтеру мәселелерін жалпыхалықтық талқыға салу қажеттігін алға артты.