«Қазақстан Республикасындағы президент сайлауын ашық әрі әділетті өткізуді қамтамасыз етуге деген талпынысымызды дәлелдей отырып, қоғам өкілдері мен бақылаушылардың уәжі мен өтініштерін ескеру негізінде Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында дауыс беру барысында бюллетеньдерге арнап конверттер дайындау жөніндегі қаулының күшін жою дұрыс деп шешті»,- деді О.Жұмабеков.
Президент сайлауында дауыс беруде қолданылатын бюллетеньдерге арнап конверттер дайындау жөніндегі қаулы 2005-жылдың 18-қарашасында қабылданған. Комиссия төрағасы бұл қаулыны қабылдауда дауыс беру құпиясын қамтамасыз ету мақсаты көзделгенін және оның «Сайлау туралы» конституциялық заңға қайшы келмейтінін атап өтті. Дегенмен, О.Жұмабековтың айтуынша, «жұртшылық арасында бұл конверттерді сайлау процессіне қатысушы кейбір қараниет топтар пайдаланып кетуі мүмкін деген пікір бар». Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының бақылаушылары миссиясының төрайымы Одри Гловер де конверттерді пайдалануға қатысты алаңдаушылық білдірді, деді О.Жұмабеков. Сонымен бірге президенттіктен үміткерлер Әлихан Бәйменов, Мэлс Елеусізов пен Жармахан Тұяқбайдың сайлауалды штабтары да қаулының күшін жою жөнінде өтініш білдірген.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бұл қаулыны жүзеге асыру үшін дәл қанша конверт дайындалғанын нақты айта алмады. Комиссия төрағасының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, қаулыны іске асыруға 70 млн. теңге бөлінген. Комиссия төрағасы бұл конверттердің «Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссияларының қажеттігіне пайдаланылатынын» хабарлады.