Сайлауда электронды дауыс беру жүйесін пайдалану туралы түсініктеме берген Орталық сайлау комиссиясының төрайымы «электронды дауыс беру артық па, әлде қағаз бюллетеньдермен берген дұрыс па, дауыс беру қорытындысы қаншалықты жылдам әрі тиімді шығарылып жатыр» бұл тұрғыда өздеріңіз баға беріңіздер деді журналистерге. З.Балиеваның айтуынша, «электронды дауыс беру жүйесін сын тезіне салып, мін таққандардың өзі оның журналистер үшін де, қоғам үшін де, бірінші кезекте сайлау комиссиясының мүшелері үшін де тиімді екенін түсінді. Дауыс электронды жүйемен берілген жағдайда сайлау комиссиясының мүшелері дауыс санауды аяқтап, электронды қол қойып, сайлау учаскесін жауып, үйлеріне ұйықтауға кетер еді».
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы төрайымының айтуынша, өткен сайлау барысында сайлаушылар тізімін нақты жасақтау проблемасының өзектілігі артты. «Бұл тізімді жасауға тек атқарушы билік органдары мен комиссиялар ғана емес, сонымен бірге азаматтар да белсене атсалысуы тиіс»,- дейді З.Балиева. Ол «Қазақстан сайлаушылардың салыстырмалы түрде мейлінше толық тізімін жасауға мүмкіндік беретін үйге тіркеу институтынан саналы түрде бас тартқанын» еске салды. «Бұл кезеңде прописка институтына балама ретінде тіркеу таңдалды. Бірақ тіркеу органдары өз жұмысын енді ғана жаңадан жолға қоя бастады. Егер біздің «Сайлау» жүйеміз АХАЖ-дар, көші-қон қызметтері мен мекен-жай бюросына онлайн режимінде қосылған жағдайда ғана дұрыс тізімдер жасалуы мүмкін»,- деді З.Балиева. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы «дүниежүзінде сайлаушылар тізіміне қатысты мәселені ешбір мінсіз шеше алған бірде-бір елді білмеймін» деп атап көрсетті.