Жарияланды: 570

Ортақ куәлікпен жүрген қарағандылық егіздер құжаттарын реттей алмай жүр

Екі адамға туу туралы ортақ бір куәлік! Шахтинск қаласында оралмандар отбасы егіз балаларының төлқұжаттарын рәсімдей алмай табандарынан тозып жүр. Өйткені Қытайда туған егіздерге сол жерде тек есімдері жазылған туу туралы ортақ бір куәлік берілген. Кейін тарихи отанына оралған сол ұл мен қыз кәмелеттік жасқа толып, төлқұжат рәсімдеу мәселесінде қиындыққа тап болып отыр. Мұндағылар Қытайдан екеуіне екі бөлек куәлік берілмесе, біздің қолдан келер қайран жоқ дейді.

Бұл отбасы атамекенге 2008 жылы оралған. Отағасының аты-Салтанат, ошақ басында-Гүлғайша. Төлқұжатында осы аттардан басқа дәнеңе жоқ. Қытайда туған балаларының да құжаттарында есімдері ғана бар. Фамилия тек Қазақстанда туылған екеуіне ғана беріліпті. Бес баланың ортасындағы ана әзілмен үйдегі екі қазақтың жолы болды, қалған қытай сорлы болдық дейді.

Гүлғайша Ахметқалиқызы, Шахтинск қаласының тұрғыны:

- Ана балалардың туу куәлігі бір міне, мына куәлік, бұл куәлікпен қалай бір жүреді? Мысалы, ертең бір құжат істеп қалу үшін куәлік әкел дейді ғой. Балалар енді 11 бітіреді. Бітіргенде бір куәлікпен қалай жүреді? Енді біздікін Қытай істемеді. Қазақстанның туғаны ұқсап шығарып берсе дегеніміз ғой,  ЖТН нөмірін қосып, қазір мектептен сұратып жатыр мұны.

Гүлғайшаның шырылдап бармаған жері қалмаған. АХАЖ бөліміне кірсе, көші-қон басқармасына, олардан мысы құрып шықса, сотқа сілтейді. Ақыр аяғы сотта, аты-жөндеріңе фамилияны қоса алмаймыз, балалардың да жайын шеше алмаймыз деген шешімді ұстатқан. 

Мираш Оспанова, Шахтинск қалалық ІІБ көші қон полициясы бөлімінің бас маманы:

- Олар Қытайға барып, өздерінің және сол балалардың туылғаны жөнінде анықтаманы алып келуге кеңес береміз. Одан кейін сол анықтаманы елшілік арқылы заңдастырып бізге жеткізгені анағұрлым жылдамырақ болады.

Шекараны шикілігі бар құжаттармен асып өткенде, онымен қоймай екеудің бір куәлікпен мектепте білім алғанда бұған ешкім бас ауыртпаған сыңайлы. Мәселенің беті жеке сәйкестендіру нөмірі бар төлқұжат алар кезде ашылып отыр. Құзырлы орган Қазақстан азаматтығын алғандарды фамилиясыз-ақ құжаттандыру шешімі жақында шықты дейді. Бірақ жоғарыдағыдай екі елдің санатында жоқтар, келген жағынан анықтамасын өздері әкелсін деп қарап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін