«Орташа жылдамдық» деген не? Қалай есептеледі? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
7 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Орташа жылдамдық» деген не? Қалай есептеледі?

«Орташа жылдамдық» деген не? Қалай есептеледі?

Жол-көлік оқиғалардың санын азайту үшін қабылданған Заң халыққа толық түсіндірілді ме?

  • 10 Желтоқсан 2024
  • 51
Фото: caravan.kz

Жолдағы апаттардың санын азайтуға бағытталған Заң 4 желтоқсан күні күшіне енген еді. Онда «орташа жылдамдықты» сақтамаған жүргізушіге үлкен жауапкершілік жүктелген. Орташа жылдамдылықты қалай есептейміз? Халық айыппұл арқалап жүрмес үшін Caravan.kz медиа порталы сарапшылардың пікірлерін жинақтап, материал ұсынады.

40 АЕК-ке дейін айыппұл арқалайсың деген ақпаратты таратушы тараптан — сол «орташа жылдамдықтың» не екенін, қалай есептелетінін түсіндіріп жатқан адам аз. Тіпті, жоқтың қасы. Ал, әлеуметтік желіде соның не екенін сұраушы кісі қарасы көп.

Кішігірім сауат ашып жіберейік. Әйтпесе, қалааралық жолдарда көп жүретін ағайын айыппұлдың астында қалайын деп тұр.

Қазақстан — жолында адам көп өлетін елдердің бірі. «Мұнша адам соғыста да қырылмайды» деп ауыр статистика келтіргендер де болған кезінде. Әрине, оған біржақты қарауға болмайды. Жолдың сапасы да, жүргізушінің жауапсыздығы да өз алдына бөлек фактор. Сондықтан, ең алдымен тәртіп керек. Қоғамда ол тәртіпті айыппұлмен шегелемесең, реттеу қиын.

Жобаласақ, онда былай делінген: «Орташа жылдамдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда жүріп өткен жолды сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі». Мұндағы «орташа жылдамдық» деген не? Қалай есептеледі?

Әрине, Заңда біз ойлағандай орташа жылдамдық көрсеткіші нақты санмен (мысалы, 90, 120 деп) бекітілмеген. Себебі әр жол бөлігінде көліктердің орташа жүру жылдамдығы әр түрлі.

Мысалы, Астанадан шыққан жүргізуші Қарағандыға шартты түрде 2 сағатта жетуі керек дейік. Егер жүргізуші далалықта ешқандай камера жоқ, менің қалай жүргенімді ешкім дәлелдей алмайды деп «басыңқырап-басыңқырап» Қарағандыға 1 сағат 20 минутта кіріп барса, жолда жылдамдықты арттырды деген сөз.

Қалаға кіре берісте «күтіп алатын» тіркеуші камера ол көліктің иесіне автоматты түрде айыппұл арқалатады. Сол арқылы сіздің екі ортада жылдамдықты қаншалықты арттырғаныңызды есептеп шығарады. Қосқан жылдамдығыңыз көп болған сайын төлейтін айыппұлыңыз да соншалық «қымбат» болады.

Айыппұл мөлшері 5-40 АЕК (айлық есептiк көрсеткiш) аралығында есептеледі. Биылғы 1 АЕК — 3 692 теңге екенін ескерсек, «штраф» — 18 460 теңгеден 147 680 теңгеге дейін барады деген сөз. Заңды білмесек, түсінбесек, қалта «тесілейін» деп тұр…

Заң баршаға ортақ. Жалпыға бірдей тәртіпке бағынуға тура келеді. Басқа жол жоқ. Айыппұл арқаламаудың жалғыз жолы — әр трассада белгіленген жылдамдық белгісін сақтау. Қала маңындағы жолдарда әрбір үшінші адам жылдамдық асырғанның кесірінен қайтыс болады екен. Жол мұраты — жету десек, асыққан — шайтан ісі екенін де естен шығармайық.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап Қазақстанда көліктердің орташа жылдамдығы автоматты түрде есептеліп, жылдамдық шегінен асқандарға айыппұл салыну тәртібі енгізілді. Орташа жылдамдық арнайы бақылау-өлшеу құралдарының көмегімен есептеледі. Ол көлік құралының белгілі бір қашықтықты қанша уақытта жүріп өткенін анықтауға негізделген.

Айыппұл мөлшері жылдамдықтың рұқсат етілген шегінен қаншалықты асқандығына байланысты 5 АЕК-тен (17325 теңге) 40 АЕК-ке (138600 теңге) дейін болады. Бұл жаңашылдық халықаралық және республикалық маңызы бар түзу жол учаскелерінде, қала сыртындағы жолдарда жүзеге асырылуда. Мақсат – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, себебі олардың шамамен 28%-ы жылдамдықты асырудан туындайды.

Жүйе алдымен тест ретінде Астана–Бурабай тас жолында сыналып, енді елдің басқа аймақтарында да қолданылады.

Елімізде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі халық арасында әртүрлі пікір тудырды. Кейбір адамдар бұл жаңашылдықты қолдап, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға оң әсер етеді деп санайды. Олар жылдамдықты шектеу апаттарды азайтуға және тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Алайда, халықтың бір бөлігі бұл жүйенің тиімділігіне күмәнмен қарайды. Сын-пікірлер негізінен мыналарға байланысты:
1. Техникалық қателіктер: Жүйе кейде дұрыс жұмыс істемей, қате айыппұл салуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.
2. Инфрақұрылым: Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылатын кейбір жолдардың сапасы төмен, бұл жүргізушілер үшін әділетсіз жағдай туғызуы мүмкін.
3. Ақпараттың жеткіліксіздігі: Көптеген жүргізушілер жаңа ережелер мен есептеу әдістемесі туралы толық түсінік ала алмағанын айтады.

Сонымен бірге, сарапшылар жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін оның әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ халық арасында кеңінен ақпараттық жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.

Перейти к новостям спорта