«Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында өткен «Ортеке» ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Марек Вашкель (Польша) төрағалығындағы қазылар алқасы бірнеше номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады», — делінген дүйсенбі күні таратылған ақпаратта.
«Ең үздік спектакль» номинациясы бойынша М. Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры «Томого» спектаклі үшін марапатталды. «Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясы бойынша Маңғысау облыстық қуыршақ театры «Адамдар-Құстар» спектаклі үшін Б. Парманов марапатталды. «Ең үздік актерлік жұмыс» номинациясы бойынша «Міржан мен Ахмет» спектакліндегі ана ролі үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының актрисасы Ұ. Тәшібекқызы марапатталды. «Ең үздік суретші жұмысы» номинациясы бойынша Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры «Тізгініңді босат та, құстай самға!» спектаклінің қоюшы-суретшісі Ә. Құрманалина марапатталды.
Сондай-ақ, «Ұлттық драматургияны табысты меңгергені үшін» номинациясы бойынша «Адамдар-құстар» спектаклі үшін Маңғыстау облыстық қуыршақ театры марапатталды. «Спектакльдің ең үздік музыкалық көркемделуі» номинациясы бойынша «Қамыр батыр» спектаклінің музыкасы үшін «Экият» Татар мемлекеттік қуыршақ театры марапатталды.
«Қазылар алқасы мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен жеңімпаз болмауына байланысты «Фестиваль жаңалығы» номинациясы берілмейді», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен қатар қазылар алқасы Измир қ. театрын «Теңіз қызы» және Чкаловск қ. Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымына «Гүлранг пен Хушранг» спектакльдері үшін «Ортеке» ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің арнайы дипломын табыс етті.
Еске сала кетейік, 25-27 қазан аралығында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында 7 театр өз қойылымдарын көрсетті. Конкурсқа Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия, Татарстан елдерінің театрлары қатысты.