Өртенген «Адемнің» сатушылары жаңа басшылықтан өз орындарын талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өртенген «Адемнің» сатушылары жаңа басшылықтан өз орындарын талап етті

Өртенген «Адемнің» сатушылары жаңа басшылықтан өз орындарын талап етті

Алматыда өртенген сауда үйінің кәсіпкерлері жаңа басшылықтан өз орындарын талап етті. Сөйтіп, алапат өрттен зардап шеккендер бүгін «Адемнің» әкімшілік ғимаратының алдына жиналды. Далада қалған саудагерлер үшін осы аумақтан 1 қабатты жабық кешен салу жоспарланған. Ал өртенген сауда орталығын  қайта қалпына келтіру жұмыстары тексеру аяқталғаннан кейін басталады. Естеріңізге салсақ, биыл 26 сәуірде болған өрттен сауда кешенінің 25 мың шаршы метрі жанып кеткен еді. Ал 3 мыңнан астам кәсіпкер қып-қызыл шығынға батқан.

  • 16 Қыркүйек 2015
  • 329
Фото - Caravan.kz

Шығынға белшеден батқан саудагерлер мұнда бірінші рет жиналып тұрған жоқ. Басшылық ауысты дегенді естіп, әбден ашуға мінген олар сауда орталығының алдына бүгін де келді. Ал «Адемнің» бұрынғы басшылары жұртқа уәдені үйіп-төгіп, ақыры тайып тұрыпты.

Зоя Замащекова, «Адемді» басқарушы компанияның директоры:

—  Бұрынғы басшы Ербол Тымбаевтың берген уәдесі мен айтқан кепілдемесінің бәрін мойнымызға аламыз. Зардап шеккендердің ешбірі көмексіз қалмайды. Біздің компанияның атына қайтадан арыз жазыңыздар.

Бір түнде миллиондаған шығынға батқан кәсіпкерлердің біразы әлі жұмыссыз жүр. Бұған қоса, ешбірі бір тиын да өтемақы көрмеген.

Нұрғайша Ілиясқызы, саудагер:

— Келеді, бізді тыныштандырады, сосын кетіп қалады. Страховканы алды да кетіп қалды. Ал енді басқа адамдар келді тоже сондай болады ма деп ойлап тұрмыз.

Зардап шеккен 3 мыңнан астам саудагердің бір бөлігіне екінші және үшінші «Адемнен» орын бөлінген. Онда да әрқайсысына 6 шаршы метрден ғана. Ал қалған кәсіпкерлер үшін жоспарланған үрлемелі материалдан салынатын сауда үйі тұрғызылмайтын болды. Оның орнына осы аумақтан 1 қабатты ғимарат салынбақ. Оның құрылысын қазанның соңына дейін аяқтаймыз деп сендірді. Бірақ мұнда әзірге «Адем 4-тің» іргетасы ғана тұр.

Жәнібек Байбосынов, «Адемді» басқарушы
компанияның техникалық директоры:

—  Алдыңғы учредительдердің планы бойынша бұл жерде үрлемелі, уақытша сауда орны салынуы керек еді. Ол үрлемелі, көшедегі батут сияқты, сондай затратный. Қазір біз оны алып тастадық. Орнына сендвич панельден, осы дизайнмен уақытша сауда орнын саламыз.

Оның өзі 400 орындық болады деп отыр. Бұдан қалған 120 саудагерді де тағы «Адемнің» екіншісі мен үшіншісіне орналастырмақ.

5 ай бұрын алапат өрттен күл талқаны шыққан сауда кешенінде қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан кейін «Адемді» қалпына келтіру құрылысы басталады. Сауда орталығының басшылығы миллиондап шығынға батқан саудагерлердің әрқайсысы өз орнына жайғасады деп сендірді. Дегенмен, құрылыстың аяқталып, кешеннің пайдалануға берілетін уақыты әзірге белгісіз.

Соңғы жаңалықтар