"Өртке дайындық": Қазақстанның орман қоры аумағындағы ең ұзын шекара Ресей елімен   - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Өртке дайындық": Қазақстанның орман қоры аумағындағы ең ұзын шекара Ресей елімен   

"Өртке дайындық": Қазақстанның орман қоры аумағындағы ең ұзын шекара Ресей елімен  

Олжас Бектенов кейде өрт бізге көрші мемлекеттерден келетінін айтты.

  • 15 Сәуiр
  • 8
Фото: gov.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ресей және Қырғызстанмен шекара маңындағы өртке қарсы өзара іс-қимыл жоспарлары бекітілгенін айтты, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

«Кей кезде өрт бізге көрші мемлекеттерден келеді. Сол сияқты бізден басқа мемлекеттерге баруы мүмкін. Әріптестеріңізбен қалай жұмыс істеп жатсыздар?», — деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.

Ерлан Нысанбаев ұзындығы 3 мың шақырым болатын орман мен орман қоры аумағындағы шекара Ресей елімен екенін баса айтты.

«Бүгінгі таңда Ресей Федерациясымен үкіметаралық келісімге қол қойылған. Сол құжат аясында бүкіл жұмыс жүргізіледі. Біріншіден, екі жаққа шекараның өтетін жері белгіленген. Екіжақты өртке қатысатын өрт сөндіруші мамандардың тізімі мен техниканың тізімі алдын ала бір-бірімен алмасқан. Әр жылы оқу жаттығулары жүргізіледі. Одан да басқа жыл сайын өзара іс-қимыл жоспарлары бекітіледі. Бізде дәл осындай келісімшарт Қырғызстанмен де бар. Бізде шекаралас осы екі мемлекет», — деді министр.

Сонымен қатар, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу жалғасуда. Бүгінгі таңда өртті ерте анықтау жүйелермен қамту мемлекеттік орман қорының 1,3 млн га аумағын құрайды.

Биыл аталған жүйе «Семей орманы» резерватында орнатылады. «Семей орманынан» бөлек өртті ерте анықтау жүйесі 23 орман шаруашылығында да енгізіледі.  Жыл соңына қарай бұл жүйемен 5,6 млн гектар мемлекеттік орман қоры қамтылады. 

Өңірлерде орман өртіне қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4402 га болатын 25 орман өрті тіркелген. Талдау көрсеткендей, олардың шығуына өрттің даладан келуі және найзағайдан тұтануы негізгі себеп болса, ал таралуына қашықтық, жетудің қиындығы және жол қатынасының болмауы себеп.

«Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет», – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Облыс әкімдіктері орман шаруашылығын жарақтандыруға биыл жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге және лизинг есебінен 20 млрд теңге бөлді. Осылайша, жыл соңына дейін әкімдіктердің орман шаруашылықтарына 26,3 млрд теңге сомасына 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман өрт сөндіру кешенін және 247 трактор сатып алу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің ең өрт қаупі жоғары 11 өңірінде орман шаруашылығын жаңартуға және 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді.