Онда әйелдер арасында бақ сынаған Татьяна Машкова пен Ирина Цимбалова негізгі сындағы алғашқы ойында жарыс қожайындарынан Степанова-Демирчова жұбын 2:0 (21:18, 21:19) есебімен жеңген болатын. Екінші ойында ресейлік Хомякова-Моисеева жұбына дәл осындай есеппен (21:19, 21:15) есе жіберді. Одан кейін олар австриялық Т.Црнко мен С. Црнконы (21:8, 21:7) ойсырата жеңіп, 1/8 финалда жарыс қожайындарымен қайта кездесті. Бұл жолы қазақстандық спортшылардың жолын кейін турнир жеңімпазы атанған Анастасия Васина мен Анна Возакова (21:17, 21:14) кесті.
Бұл додада ерлер арасындағы сайыста да қазақстандық Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешовтің жолына жарыс қожайындары кесе-көлденең тұрды. Оларды алдымен Белов-Даянов (21:15, 21:13) одан кейін Прокопьев-Семёнов жұбы (21:12, 21:11) сүріндірді.