Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды,.
"Бізде бір оңбаған түсінік қалыптасқан.
— егер орыс тілін білмесең, жақсы жұмысқа тұра алмайсың!
— орыс тілінсіз бизнес жасай алмайсың!
— орыс тілін білмесең, қалада өмір сүре алмайсың!
Яғни «орыс тілінсіз нан жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Соның кесірінен орыс тілін білмеген адам білімсіз деген түсінік санаға сіңіп кеткен.
Орыс тілінде сөйлеуді мәртебе, орыс тілінде жазуды білімділіктің көрінісі секілді көретін қауым көп.
Тіпті өзімнің жерлестерім, шеттен келген қандастарым Қазақстанға келгенде бірінші қазақ тілін емес, орыс тілін үйренеді. Оқуға түскен іні-қарындастарым әлеуметтік желіде посттарын орыс тілінде жазады. (Шындап келгенде, ол тілді білмейді де).
Бірақ жұртқа жүнін жылтырату психологиясы.
Баяғыда ЕҰУ-ға бірінші курсқа оқуға түскенде тобымызда қазақы өңірлерден келген қыздар көп болды. Соның көбінің орысшасы өте нашар еді. Бірақ 4-курста солардың көбі қазақшадан гөрі орысша көп сөйлейтін болып кетті. Сол баяғы қазақша сөйлеуді намыс, орысша сөйлеуді мақтан көретін психология",- деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.
Орыс тілінсіз өмір сүруге, жақсы жұмыс істеуге, бизнес жасауға бола ма?
— БОЛАДЫ !!!
Соны дәлелдегім келді. Отаныма оралғалы 16 жыл, жұмыс істегелі 12 жыл.
Орыс тілінсіз өмір сүріп келемін. Орыс тілінде құжат толтырмаймын. Орыс тіліндегі құжатқа қол қоймаймын. Ұстанымым сол, қандай жағдай болса да, бұзбаймын.
Бастапқы кезде мұғалім болдым, аса қажеттілік тумады. Республикалық «QAZBILIM» орталығын құрғалы бері орысша топ ашайық, жарнаманы орысша жасайық, — деген ұсыныс өте көп болды. Ұлтшылдық — бизнестің жауы, ондай қырыстық дамытпайды, — деген ақылшылар көп болды.
— Жоқ, орыс тілінсіз дамымай қалсам, дамымай-ақ қалдым. Орыс тілінде еш нәрсе болмайды деп қатаң ұстанымда келемін. 7 жылға жуық, тіпті соңғы екі жылда Петропавл қаласында QAZBILIM осы ұстанымда жұмыс істеп тұр. Биыл Қостанайдан QAZBILIM лицейін аштық. Онда да осы ұстаным. Қанша жерден солтүстік өңір болса да, орыс тілінсіз жұмыс жасау — басты ұстаным.
12 облыста білім беру саласында қызмет етіп келеміз, 300-ге жуық адам жұмыс істейді. 120-дан астам оқу әдістемелік құрал шығардық. Жылында 3000-4000 оқушы бітіреді. Бірақ қиналып жатқан біз жоқ. Есесіне талай мекеме бізбен келісімшарт жасау үшін қазақ тіліндегі келісімшарт үлгісі жоқ қиналды, орысша жасауды өтінді, соңында аудармашы жалдап қазақша келісімшарт алып келді.
Қазір өзім мемлекеттік мектепте басшылықта болғасын орысша құжат көп келеді. Хат жіберемін немесе телефон соғып қазақшасын жіберуді сұраймын, орысшасын толтырмаймын, мәдениетті түрде «мемлекеттік тілдегі нұсқасын жіберіңізші деймін» деп отырамын. Ешкімнің жоқ деуге қақысы жоқ, дайындап жібереді.
Біреулер оңбаған дейтін шығар, біреулер ұлтшыл дейтін шығар, дей берсін. Бастысы — қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, көп мекемелер қазақ тілін білмесе болмайтын жағдайға кетіп бара жатқанын түсіндіруге сәл де болса әсер ете алсам болғаны. Мейлі сыртымнан сыбап боқтай берсін",- деп жазды автор.