Бұл туралы журналист Серік Абас-шах әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Серік Абас-шах Ресейдің ашқан соғысын жақтаушыларды түсіне алмай, ренішін білдірді.
Сонымен қатар, қазақ тілді жолдастарының бірі орыс тілінсіз қазақтың болашағы жоқ екендігін айтқанын да тілге тиек етті.
"Әркімнің өзіндік пікірі бар, көзғарасы бар. Өзім еркіндікті сүйетіндіктен жұрттың ой-пікіріне құрметпен қарауға тырысамын. Бiрақ, ол дұрыс(тау) бағытта болса (әрине).
Жақын достарымның арасында Ресейдің басқыншылық соғысын қолдап, Путиннің саясатына сүйсініп отыратындары бар. Көп емес, бірақ бар. Бәрі де қазақ тілді. Бәрі де ауылдан шыққандар. Бәрінің ақыл-есі дұрыс.
Мен түсінбеймін, бейбіт халықты қырып-жойып жатқандарды қалай жақтауға болады, олардың қаныпезер әрекетін қалай ақтауға болады? Соғыс деген қиянат. Соғыс деген өлім. Үлкендермен бірге періште сәбилер де қаза табуда, ата-анасынан айрылып тұл жетім болып далада қалғаны қаншама? Адамдар азап шегуде. Ел үрейлі.
Мен білмеймін, санам жетпейді. Жауыздықты қалай қолдауға болады?
Путиннің мықты саясаткер екенін айтып, Зеленскийдің "сайқымазақтығын" "дәлелдеуге" тырысқан бір жолдасымның аузынан “орыс тілсіз біздің қоғамның болашағы жоқтығы” жайлы сәуегей пікірі шығып кетті. Аузым ашылып қалыпты. Бұл жолдас та ауылдың қарадомалақ баласы. Бұл жолдас та еліміздің патриоты. Бұл жолдас та қазақ тілі туралы дұрыс әңгіме айтып жүр(ген). Үнсіз қалдым. Сөзім таусылғандықтан емес, таңданыстан. Қасымдағылардың ойы осылай болса, басқаға не өкпе?", деп жазды.