Бастапқы келіссөздер барысында «Шкода» концернінің ТМД және Азия жөніндегі басқарушысы Коларж Любош концерн автокөліктерін шығаруда «Азия-Авто» зауытының өндірістік желілерін пайдаланудың ешбір техникалық қиындығы жоқтығын атап көрсетті. Жобаны жүзеге асыру үшін саяси және экономикалық мәселелер шешілсе жетіп жатыр. Осы орайда Чехиялық басқарушы Қазақстан рыногінің болашағын жоғары бағалады.
«Азия-Авто» зауытының басшылығы өз тарапынан кәсіпорынға дүниежүзілік жетекші автокомпаниялардың озық технологияларын тартуға мүдделілік танытты.
Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігі өкілдерінің пайымдауынша, Қазақстандағы тұңғыш автокөлік зауыты ірі кәсіпорын ретінде аяғынан тұрды деп санауға болады.
«Азия-Авто» конвейерлерінен ай сайын 480 млн. теңгенің өнімдері шығарылады. Зауытта 350 адам еңбек етеді. Осы маусым айында өндіріс желілерінде 1000-шы «Нива» құрастырылып, ол Астанаға тарту етілді.
Батыстық технологиялар қолданылған жағдайда кәсіпорын автокөлік өндіруде Орталық және Орта Азияда жетекші орындарға көтеріле алады.