Жарияланды: 560

Өскемен мен Балқашта балаларға арналған спорттық-ойын алаңы ашылды

Бүгін Өскемен қаласының Жамбыл атындағы орталық паркі мен Балқаш қаласының орталық саябағында «Құс жолы» қайырымдылық қоры мен Қазкоммерцбанк балаларға арналған ойын алаңын ашты.

Банк пен қайырымдылық қоры игі істі ел тәуелсіздігі мен Қазкоммерцбанктің 20 жылдығына арналған «20 қайырымды іс» жобасы аясында бүгінгі балалар күніне орай жүзеге асырды. Өскемен қаласындағы орталық саябақтағы балалар алаңының аумағы 3 мың шаршы метр. Қазкоммерцбанк пен қор оны жасақтауға 1,3 миллион теңге бөліп, әткеншек, сырғанақ, пирамида, орындықтар т.б балалар ойынына арналған жабдықтармен қамтамасыз етті. «Біз балалар мен ата-аналарға бүгінгі күнге орай жасаған сыйлығымыз ұнады деп ойлаймын. Бұл жерде балалар күлкісі үзілмесе екен деген тілегім бар. Бұл ісіміз біздің бизнестегі әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыруға деген талпынысымыз»,-дейді Қазкоммерцбанктің Өскемен филиалының директоры Игорь Новиков. Балқаш қаласындағы ойын алаңына банк 1 миллион теңге бөлген. 300 шаршы метрлік ойын алаңы спорттық-ойын жабдықтарымен жабдықталған. Бұл Қазкоммерцбанк пен «Құс жолы» қайырымдылық қорының Балқашта жасап отырған екінші ірі көмегі. Осыдан екі апта бұрын банк пен қор «Қорғаушы періште» жобасы аясында Балқаштың орталық ауруханасының босану бөлімін медициналық жабдықтармен қамтамасыз еткен болатын. Банк өкілдері Қазақстан тәуелсіздігі мен банктің 20 жылдығына арналған қайырымдылық шараларының жалғасатындығын айтады. Бұған дейін Қазкоммерцбанк Петропавл, Семей, Сәтпаев қалаларында жасыл желектер отырғызып, көшелерді орындықтармен жабдықтаған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть