Жарияланды: 360

Өскемен тұрғыны өзінің мүгедек екенін дәлелдей алмай жүр

Өскемен тұрғыны бірнеше жылдан бері өзінің мүгедек екенін дәлелдей алмай жүр. Ішек жолдарының қабысуы синдромы дейтін аурудың сирек түріне шалдыққан әйелдің салмағы қазір бар болғаны 27 келі. Ал күнделікті дәрісін алуға зейнеткердің қалтасы көтерер емес. Сондықтан Людмила Ларионова енді мүгедек ретінде жеңілдік алғысы келеді. Бар ғұмырын медицина саласына сарп еткен зейнеткерден әріптестерінің өзі теріс айналған. Жоғары дәрежелі дәрігер бойындағы дертімен өз бетінше күресіп келеді.

Мына суретте Людмила Ларионова 40 жаста. Бұдан кейін суретке түскен емес. Көп ұзамай гүлдей жайнаған келіншек айықпас дертке шалдығыпты. Коллагеноз немесе ішек жолдарының жабысуы синдромы деген диагнозбен оның өмір сүріп келе жатқанына міне 20 жылдан асты. Сегіз рет ішек жолдарына операция жасалған. Бірақ ол да дерті шипа болмапты. Қазір 64 жастағы зейнеткердің салмағы 27 келі. Адам құсап ас іше де алмайды.

Людмила Ларионова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Сәбилерге арналған ұнтақталған тамақты ғана ішуім керек негізі. Бірақ оны сатып алуға ақшам жоқ.

Айтуынша, бүгінге дейін жер басып жүруіне альбумин деген дәрі сеп. Сол арқылы ағзасына қажетті ақуыз бен амин қышқылдарын алып отыр. Алайда, соңғы жарты жылда аталған дәрінің бағасы күрт шарықтап кетіпті. Қазір бір шөлмегін 17 мың теңгеге тұрады. Айына оның кем дегенде төртеуін қабылдауы қажет. Ал оны бір зейнетақыға қараған әйелдің қалтасы көтермейді. Сондықтан мүгедектікті рәсімдеп, препаратты жеңілдікпен алуға үміттенген. Бірақ құзырлы орындардан дерті ондай құжат алуға “лайықтылардың тізімінде жоқ” деген жауап алып отыр.

Әлия Садықова, құрбысы:

- Өзі жоғары дәрежелі дәрігер болғасын өзін-өзі емдеп отыр. Үйге бір дәрігер келіп көрмейді бұл кісіні. Ана жолы бір дәрігер өзіңіз дәрігер емессіз бе, өзіңіз емделіңіз депті. 27 келі дегеніңіз, өзіңіз ойлаңызшы, бар зейнетақымды дәріге жұмсайды. Содан көмек бола ма деп. Кімнің өлгісі келеді.

Бір кездері науқастарды емдеп, өзгелердің өмірі үшін күресіп келген Людмила Ларионова қазір сырттағы қарбалас тіршілікті терезеден тамашалауға ғана қауқарлы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін