Жарияланды: 380

Өскеменде 2 жылдан бері жалақы көрмеген өнер адамдары наразылық білдірді

Өскеменде өнер адамдары ақыларын даулап жүр. Қаладағы түрлі мерекелік шаралардан қалыспайтай әнші, биші, жүргізушілер екі жылдан бері жалақы көрмеген. Жергілікті мәдениет бөлімінің өнерпаздар алдындағы берешегі 30 миллион теңгеге жуықтапты. Құрғақ уәдеден мезі болғандар арыз-талаптарын айтып бүгін облыстық драма театр алдына жиналды.

- Еңбегіміздің ақысын төлеңіздер, еңбегіміздің ақысын төлеңіздер!

«Еңбегіміздің өтеуі болар» деген үміттерін мына наразы топ екі жыл бойы үкілепті. Ал қалалық мәдениет бөлімі қажетті мерекелік шараларды өткізіп алған соң, әртістердің еңбекақысы жайында үнемі ұмытып кетеді екен.  Алдыларына қашан барса да, шенеуніктер ауыздарын қу шөппен сүртіп алған.   

Еркебұлан Мұқаметжанов:

- 40 градус аязда жүргіздім. Оның ақысын әлі алған жоқпын. Іс-шараның ақшасын алмай жүргелі әкім де ауысты. Ол кезде Ислам Әбішев болған әкім. Соның кезінде жүргізген іс-шараның ақшасын алған жоқпыз.

Гүлнар Тұрсынбаеваны қалада өтетін мерекелік шараларда жиі көруге болады. Мәдениет бөлімінің тапсырысы бойынша іс-шараның сценарийін жазып, режиссерлік ететін, кейде жүргізіп беретін де өзі. Мәдениет бөлімі оған 1 млн теңге қарыз.

Гүлнар Тұрсынбаева:

- Жұрт бізге қарап күледі осы күні. Әбден жұтап кеттік. Халықтың алдына шығып өнер көрсету үшін әдемі көйлектер керек. Ол жайына қалды. Күн көру үшін барлық алтын бұйымдарымды ломбардқа тапсырдым.  

Бұл жағдайГүлнар сияқты отыздан астам өнерпаздың жанына батып отыр. Әкімдіктегі корпоративті кештер мен мерекелік іс-шараларды өткізіп беруді сұраған кезде құрақ ұша жүгіретін шенеуніктер қазір өнерпаздарды есіктерінен сығылатқысы жоқ. Бұған дейін бірнеше рет әкімдер мен прокурорлардың атына хат жазғанымен, әлі жауап келмеген. Мәдениет бөлімі бастығының бізге берген жауабы да тек уәдемен шектелді.  

Азамат Мұхамедшинов, Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығы:

- Иә, мәдениет бөлімі қарыз. Қазір біз осы мәселені шешеміз. Жыл соңына дейін қайтарып береміз.

Қазір мәдениет бөлімі мен өнер адамдары арасындағы дауға байланысты ішкі тексерулер басталып кеткен. Осыдан нәтиже шығып жақын арада маңдай тер ақылары төленбесе, өскемендік өнер жұлдыздары алда келе жатқан мерекелік шараларға ат салысудан бас тартады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін