"Отағасымен қарым-қатынасымызға көз тие ма деп қорқамын": Айдар Тұрғамбектің әйелі тұңғыш рет сұхбат беруге келісті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Отағасымен қарым-қатынасымызға көз тие ма деп қорқамын": Айдар Тұрғамбектің әйелі тұңғыш рет сұхбат беруге келісті

"Отағасымен қарым-қатынасымызға көз тие ма деп қорқамын": Айдар Тұрғамбектің әйелі тұңғыш рет сұхбат беруге келісті

Айдар Тұрғамбектің әйелі алғаш рет сұхбат берді.

  • 27 Қараша 2019
  • 876
Фото - Caravan.kz

"Жігіттер" тобының белді мүшесі, әнші Айдар Тұрғамбек осыдан сегіз жыл бұрын екінші мәрте шаңырақ көтерген еді. Алғашқы жұбайымен дәм-тұзымыз жараспады деген әнші келесі жолы жұбайын өзінің туып-өскен ортасынан іздегенін жасырмайды. Өнерпаз тұңғыш рет жұбайына БАҚ өкілдеріне сұхбат беруіне келісімін беріп, алғашқы болу мәртебесі Stan.kz тілшісіне бұйырды. Дегенмен Әйгерім суретін жариялаудан бас тартты, болашақта бәлкім жариялана жатар.

— Әйгерім, қай жердің қызы боласыз? Өзіңіз туралы мүлдем білмейміз, таныстыра отырыңыз.

— Мен Өзбекстанда туылдым, 6-ншы сыныпты бітіргенде Жетісайға көшіп келдік. Қазіргі таңда әке-шешем Шымкентте тұрады. Тоғызыншы сыныпқа дейін орыс мектебінде оқыдым. Одан кейін екі жыл қазақ мектебінде оқыдым. Отбасымызда үшеуміз: ағам Қуаныш, сосын сіңлім Арай бар. Астанадағы ЕҰУ-да математика мамандығы бойынша білім алдым. 

— Айдармен қалай таныстыңыздар?

Соңғы курс оқып жүрген кезде отағасымен таныстым. Күйеуімді отағасы деймін. Нұр-Астана мешітіндегі Құран оқып-үйрену курсына барып жүрдім. Сол жерде болашақ қайын сіңілімнің досымен араластым, кейінен қайын сіңіліммен таныстым. Солай қайынсіңілімнің досы отағасымен таныстығымызға себепкер болды. 

— Танысқан соң жүрегіңізді қалай жаулады, қай қасиетін бағаладыңыз?

— Отағасының сөздері, болашаққа деген мақсаттары ұнады. Бастысы бұл кісінің діндарлығы мені өзіне тәнті етті. Өзім сол кезеңде дінге бет бұрып жүрген едім. Құран үйреніп, қызығушылығым пайда болғанда кездестірдім. Ол кісінің дінге көзқарасы ұнады. Бұл 2011 жылдары еді. Шыншылдығы мен біреудің артынан әңгіме, ғайбат айтпайтыны ол кісіге деген сыйластығымды арттыра түседі. 

— Досыңыз танысып көр дегенде қалай қабылдадыңыз? 

— Тұрмысқа шығуға ниеттеніп, Алладан адал жар беруін сұрап жүргенде кездестіріп қалдым. Телефонмен сөйлестік, арман-мақсаттарымыз жайлы білдік. Жүрегіме жылу берді. 

— Сіз ол кезде Айдардың танымал әнші екенін білдіңіз. Қалай шешім қабылдадыңыз? 

— Мен орыс мектебінде оқыған соң қазақ эстрадасының әндеріне қызықпадым. Қазақша әндер де, "Жігіттер" квартетін де тыңдамағанмын. Қазір де тыңдамаймын. Қызығушылығым жоқ. Жалпы өнер адамы екенін білетінмін. Бірақ әнші ретінде қабылдап, әндерін тыңдадым деп айта алмаймын. Былайша айтқанда фанаты болған жоқпын (күліп). 

— Тұрмысқа шығуға ұсынысты қалай жасады?

— Ол кісі: "Сенімен қызығушылық үшін танысып жатқан жоқпын. Менің ниетім үйлену. Көңілімнен шығып жатсаң дереу үйленемін" деп басынан айтқан. 

Уақыт өткен соң: "Сен менің көңілімнен шықтың, әке-шешемді сенің үйіңе құда түсуге жіберейін" деді. Солай ұсыныс жасады. 

— Әншінің жары болған сіз үшін қиын емес пе?

— 19 жасымда тұрмысқа шыққан соң ба, басында қиындау болды. Ұзақ іс-сапарға кетсе, сағынатынмын, қызғанатынмын. Қазір ойланып қарасам, сағыныш, қызғаныш деген бос нәрсе екен. Ең бастысы, дені сау, аман-есен жүрсе болды. 

— Айдар қандай күйеу?

— Кез-келген кісінің кемшілігі болады ғой. Бірақ бұл кісінің кемшілігінен көрі жақсылығы көп. Жомарттығы ұнайды. Сөйлесе тек қана шындықты айтады, өтірікті жаны сүймейді. Үйде өте әзілқой. Әзіл айтып, көңіліңді аулап жүреді, жанашыр, қамқор. Еркелетеді. Бала-шағасын шексіз жақсы көреді.

— Айдар бір сөзінде бес жыл бала көтере алмай жүрді деп айтып қалды. Осы бір кезеңнен қалай өттіңіздер?

— Біз бала көтере алмай жатырмыз деп уайымдап, қайғырған жоқпыз. Екеуміз рахат өмір сүре бердік. Ауруханаларға барып емделдік, бірақ өмірімізге налып, бір-бірімізге ренжіп, көңілімізге алып, жыламадық. Қайта бес жыл баланың болмауы Алланың даналығы шығар. Бес жыл бір-бірімізге үйреніп, махаббатымыз ашылды. Себебі өзгелері қыз-жігіт болып жүрсе, бізде ондай болған жоқ. Үшінші кездесуден алып қашты. Ары кетсе, 15-20 күн сөйлестік, бір-бірімізді танып үлгерген жоқпыз. Ал бес жыл ішінде толық танып, сіңуімізге мол мүмкіндік болды. 

— "Жігіттер" тобындағы жігіттердің әйелімен қарым-қатынасыңыз қалай? Араласып тұрасыз ба?

— Тұрмысқа шыққан жылдары кездесіп тұратынбыз. Қазір жиі кездесеміз деп айта алмаймын. Көрсек, сәлеміміз түзу, бірақ жақын араласпаймыз. Менің араласатын ортам олар емес, басқа. Неге екенін білмеймін, мінезіміз сай келмейтін шығар. Маған өзіме қарапайым, кішіпейіл, атақты емес адамдар ұнайды. Ешқандай әншінің әйелімен араласпаймын. Отағасының басқа достары көп. Солардың әйелдерімен араласамын. 

— Сіз неге сырт сөзден қашасыз?

— Маған атақты болған ұнамайды, ешкім байқамаса екен деп жүремін. Танымал болғым келмейді. Көшеде жүргенде "пәленшенің әйелі ғой" деп жатқан маған ұнамайды. Ешкім танымай өз алдыма, еркін жүрген ұнайды. Оның үстіне отағасының екеуміздің қарым-қатынасымызға көз тие ма деп қорқамын. 

— Жұбайыңыздың концерттеріне қаншалықты жиі барасыз?

— Мен ешқандай концертіне бармағанмын. Шынымды айтсам, шоу, концерт деген ұнамайды.

— Өз арман-мақсаттарыңыз жайлы…

— Діни бағыттағы кітаптар жазып, сауаттандыру. Ұзтаз болсам екен деймін. Қазір әйел-ұстаздар аз. Кейде имам әйелге үйтіпті-бүйтіпті деген жаман сөздер шығып, дінімізді қаралап жатқандары да бар. Нешетүрлі бағыттар шығып кетті. Сол бағыттардың кесірінен шынайы дініміз көлеңкеде қалып жатыр. Ашық, шынайы, таза дінімізді үйреткім келеді. Ислам дінінің шынайы келбетін көрсетуге үлес қосқым келеді. 

Соңғы жаңалықтар