Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, 28-қарашада Астана уақытымен 18 сағат 30 минутта «Отан» партиясы ғимаратының алдыңғы жағында қуаты әртүрлі екі жарылыс болды. Олардың бірі сайлаудан кейін партия қайтадан азаматтарды қабылдай бастаған қоғамдық қабылдау бөлмесіне әсер етті. Терезе әйнектерінің жарықшақтарынан кездейсоқ жүргінші зардап шекті. «Бұл оқиғаны қарапайым бұзақылық әрекет деп бағалауға келмейді. Өйткені тағы бір осындай жарылыс салдарынан телефон қалқаны бүлінді». «Бұл оқиғаны біз жақсы ойластырылған арандату шарасы деп санаймыз. Ол тек «Отан» партиясына қарсы бағытталып қана қоймай, еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің шаңырағын шайқалтуға, қоғамды демократияландыруға бағытталған қарқынды құбылыстарды тежеуге бағытталған»,- делінген мәлімдемеде.
«Отан» партиясы бұл оқиғаны тиісті мекемелер лайықты тексереді дегенге сенім білдіреді. Саяси тұрғыдан біз бұл құбылысты конструктивті күштерге тұрақты даму және мемлекеттілікті нығайту жолымен ілгерілеуге кедергі болу үшін жасалған Қазақстанға тән емес құбылыс деп бағалаймыз, делінген хабарламада.
Партияның саяси кеңесі қоғамды «қоғамдағы ынтымақ-бірлікті, өзара түсіністік пен келісімді сақтап қалу үшін азаматтық жауапкершілікті арттыруға, өзара конструктивті диалогты дамытуға және ауызбірлікті күшейтуге» шақырды.