«Отан» саяси партиясының жаңа парламенттік мерзімдегі стратегиялық міндеті — 2009-жылға дейін тіршілік сапасына қатысты Қазақстанның ұлттық стандартын қалыптастыру болып табылады»,- делінген құжатта. «Жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру арқылы мемлекеттің әлеуметтік шығындарының іс жүзінде екі еселенуіне жол ашу, әлеуметтік шығындарды екі есе арттыру арқылы тіршілік сапасын екі есе арттыру — басты мақсат»,- делінген партияның тұғырнамасында. 5 жылдан кейін Қазақстан ТМД аясында ең таңдаулы денсаулық сақтау, ең үздік білім беру жүйесін, ең таңдаулы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құра алады, әрі құруға да тиіс,- делінген құжатта. «Отан» партиясының пайымдауынша, ол үшін «2009-жылы дегенде денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласына бөлінетін бюджет қаржысының көлемі екі есе арттырылып, әлеуметтік қамтамасыздық көрсеткіштерінің 2004-жылғымен салыстырғандағы деңгейі арттырылуы тиіс».
«Отан» партиясы «Баршаға арналған медицина» атты бағдарлама ұсынып отыр. Соған сәйкес, » орташа әлемдік деңгейден кем түспейтіндей жоғары сапалы дәрігерлік көмек көрсеткішіне негізделген дәрігерлік қызмет көрсетудің ұлттық стандарты жобасын жасап қолданысқа енгізу» ұсынылып отыр. Сондай-ақ, «денсаулық сақтау мақсатында бөлінетін қаржыны жыл сайын арттыра отырып, 2009-жылы оның мөлшерін Жалпы Ішкі Өнімнің 4 процентіне дейін жеткізу, бюджет шығындарының көлемін тегін дәрігерлік көмекке арналған қаржының 40 процентіне дейін арттыру арқылы алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету жүйесін түбегейлі нығайту» ұсынылады.
2009-жылы партия «зейнетақы мөлшерін орташа айлық жалақы мөлшерінің 60 процентіне дейін арттыруға ниетті». Партияның бағалауынша, бұл ұсыныстың құны «айына қосымша 10 млрд. теңгені құрамақ». «2010-жылы Жалпы Ішкі өнім мөлшерін екі есе арттыру жоспарланғанын ескерсек, бұл міндетті шешу қиынға соқпайды»,- делінген құжатта.
Партия сондай-ақ, «Тұрғын үй» атты бағдарлама ұсынып отыр. Онда 2009-жылы «орташа ауқатты тұрғындарды жаппай тұрғын үймен қамтамсыз ету» мақсаты алға қойылған. Мұндай мақсат » ипотекалық несие бойынша сыйақы ставкасын азайту, құрылыс материалдарының қазіргі заманғы индустриясын дамыту , бюджет саласы қызметкерлерінің тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету» есебінен жүзеге асырылмақшы.