Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мән жайы
5 қаңтарда Отбасы банк сервистерінің жұмысында уақытша шектеулер байқалды. Бұл техникалық іс-шаралардың жүргізілуіне байланысты екені айтылды.

Скриншот: сайта enpf-otbasy.kz
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың 31 желтоқсаны мен 2026 жылдың 2 қаңтары аралығында банкте қаржы жылын жабу бойынша жұмыстар жүргізілген.
Неге Отбасы банк әлі жұмыс істемей тұр?
2026 жылдың 3 қаңтарында сағат 03:00-де негізгі деректерді өңдеу орталығының (ДӨО) есептеу қуаттарын Алматыдан Астанаға көшіру бойынша жоспарлы жұмыстар басталған. Бұл процесс сервистердің тоқтап қалуын барынша азайту мақсатында демалыс күндеріне жоспарланған.
«Банк құрамында 40 сервер, 10 деректерді сақтау жүйесі және 6 желілік жабдық бар. Банк 10 технологиялық жабдық сөресін көшірді. Жабдықтарды тасымалдау банк қызметкерлерінің өз күшімен, үшінші тарап мердігерлері мен қосымша сервистерді тартусыз жүзеге асырылды. Бұл шығындарды оңтайландыру және қаражатты тиімді пайдалану мақсатында жасалды. Монтаждау және пайдалануға енгізу кезең-кезеңімен жүргізіліп, әрбір жүйе бойынша қосылымның дұрыстығы, жұмыс тұрақтылығы және деректердің тұтастығы тексерілді», — делінген хабарламада.
Жүйелер қашан іске қосылады?
Бастапқыда жүйелерді іске қосуды 2026 жылдың 5 қаңтары сағат 09:00-ге дейін аяқтау жоспарланған еді. Алайда техникалық қиындықтардың туындауына байланысты жүйелерді іске қосу кешіктірілген.
Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша банк Colvir автоматтандырылған банктік ақпараттық жүйесін (АБИС), төлем жүйесін, BPM, BPM 2.0, CRM, 300 нөмірі бойынша кіріс қоңырауларды өңдеу жүйесін, сондай-ақ бірқатар негізгі ішкі ақпараттық жүйелерді іске қосты.
«Қазіргі уақытта цифрлық қызмет көрсету арналары кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Алдағы уақытты барлық аса маңызды ақпараттық жүйелер толық қалпына келтіріп, банктің штаттық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.
Төлем жасай алмағандар не істеуі керек?
2026 жылдың 1, 2, 3, 4, 5 және 6 қаңтар күндеріне жоспарланған кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерді клиенттер 2026 жылдың 7 қаңтары сағат 20:00-ге дейін төлей алады. Бұл ретте банк оны мерзімі өткен берешек ретінде есептемейді және өсімпұл есептемейді.
Аталған кезеңдегі мерзімінен кешіктірілген төлемдер туралы ақпарат кредиттік бюроға жіберілмейді.