Бұл пікірін бүгін Астанада «Тілі бірдің — тілегі бір» атпен өткен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының республикалық форумында Тараз қаласындағы №29-шы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Вероника Ким білдірді.
«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында мемлекеттік тілді меңгеруде отбасының алар орнына баса назар аударылған. Бұл орынды. Себебі отбасы — тілдің ортасы, отбасы — тілдің ұясы мен қазынасы», — дейді ол.
В.Кимнің пікірінше бүгін бізде отбасына мемлекеттік тілді үйренуге арналған телебағдарламалар жетіспейді. Кез келген бала түсініп, қызығып оқитын баспа өнімдерін көптеп шығару керек. Себебі, қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдер жоқтың қасы. Отбасында, көшеде, қоғамдық көліктерде мен қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілде сөйлеуді қалыптастыру және оны талап ету қажет. Сонымен бірге оның айтуынша, қай диаспора өкілі болмасын қазақ тілін меңгеру қажеттігін жіті түсінуі тиіс.
«Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде. Олай болса, қазақ тілін үйренуді отбасынан бастайық. Үні домбыраның үніндей қазақ тілі, түрі бөлек болса да — тілегі бір, жүзі басқа болса да — жүрегі бір барша қазақстандықтардың ортақ тілі болсын», деп түйіндеді ол сөзін.