Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуді мақсат еткен жоба - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуді мақсат еткен жоба

Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуді мақсат еткен жоба

Қазір елімізде «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты әлеуметтік жоба бойынша түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Оны Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірге былтыр жүзеге асыра бастады. Мақсаты – қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту.

  • 17 Қараша 2017
  • 2506
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа-порталының тілшісі бұл жобаның мән-жайын білуге талпынған еді. Іздеу барысында Атырау облыстық прокуратурасының қызметкерлері дайындаған материал табылды. Соны оқырмандардың назарына ұсынамыз.     

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық

Облыс прокурорының аға көмекшілері:

Бектен Айболат Саматұлы және

Абдрахманова Әсемгүл Ғабитқызы

Адам баласы бұл өмірге келген соң асқақ армандар мен ізгі мұраттардың жетегінде өмір сүруге тиіс. Әрбір санасы жарық, ақылы кемел жан үшін өмірлік ұстаным болуға тиіс мұндай ізгі мақсаттардың қылмыспен мүлдем қабыспайтыны анық. Адам қылмыскер болып тумайды, оны қылмыскер қылатын өскен ортасындағы теріс тәрбие. Отбасының баға жетпес құндылық екенін ұқпаған, оның қадірін білмеген ата-аналар қатыгез ұрпақ өсіріп шығарады. Жүрегіне қатыгездік ұялаған адам өзінің өмірлік серігін, адал зайыбын асыл жарым деп бағаламайды. Балаларына мейіріммен қарамайды. Керісінше, өмірдің «қызығын» арақ-шарап секілді адамды аздыратын нәрселерден іздеп, онысына наразы болған зайыбын ұрып-соғады. Кішкене сәбилерінің жүрегін ұшырады. Міне, біздің қоғамда өкінішке орай, осындай адамдар көп. Осының салдарынан дүние жүзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жыл сайын 14 мың әйел мен жасөспірім балалар зардап шегуде. Нақтырақ айтсақ, әйел адамдардың 35 пайызы жәбір көрген.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу мақсатында 4 желтоқсан 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған.

2016 жылдан бастап Бас прокуратурамен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жасақталып, республиканың барлық аумақтарымен кешенді жұмыстар атқарылуда.

Жобаның мақсаты – зорлық-зомбылық көріністерін жою, олармен күресу, уәкілетті органдардың жұмысын күшейту және нақты механизм құру болып табылады.

Осы тақырыпта облыс прокуратурасында барлық уәкілетті және құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен жылдың соңында алқа мәжілісі өткізілді. Оның нәтижесімен тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді.

НАШАҚОРЛЫҚ – ҒАСЫР ІНДЕТІ. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі мен денсаулығы болып саналады. Алайда, біздің қоғамда өзгенің де, өзінің де өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарайтын адамдар мыңдап саналады. Ғасыр індеті аталған нашаның өзі талай өмірлерге балта шауып жатыр.

Мысалмен сөйлер болсақ, біздің Атырау облысында халық саны күннен-күнге өсіп келеді. Статистика бойынша 2012 жылы халық саны 533 мың болса, бүгінгі күні 593 мыңға дейін көбейіп отыр. Халық санынның өскені жақсы, алайда, қаламыз тоғыз жолдың торабында тұрған соң, осыны пайдаланып, мұндағы рухы әлсіз, ерік-жігері жоқ жандарға наша әкелетіндер де жоқ емес. Облысымызда 814 нашақорлардің тіркелуі көңілді жабырқатады. Олар өздерінің денсаулығы мен сана-сезімін улағаны былай тұрсын, отбасы мүшелері мен жасы кәмелетке толмаған балаларына да зардаптарын тигізіп жатыр. Сондықтан, есірткіге қарсы күрес отбасынан басталуы керек дегіміз келеді.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ҚЫЛМЫС ҚАУПІН ТУҒЫЗАДЫ. Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын, — деп Абай атамыз айтқандай, бірқатар адамдардың әлі де еңбекпен қамтылмауы олардың рухани-моралдық дағдарысқа ұшырауына себеп болуда. Тіпті жұмыссыздық салдарынан қаражат мұқтаждығын көрген адамның ұрлық жасау сияқты сұмдық ойларға да баруы ғажап емес. Ендеше оның алдын алу өзекті мәселе. Статистика көрсетіп отырғандай, облыс аумағында жұмыссыздар саны азаймай отыр. Арнайы мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша барлығы 8689 жұмыссыз тіркелген. Оның 36,5 пайызы ғана жұмыспен қамтамасыз етілген екен. Ал өзгесін жұмыспен толық қамту алдағы күндердің еншісіндегі өзекті мәселе болып отыр.

КІСІЛІКТЕН КЕТІРЕР МАСКҮНЕМДІК. О баста кіршіксіз туған адам баласын аздырып, кісілік келбетінен айыратын қоғамымыздың тағы бір дерті – маскүнемдік. Араққа салынумен отбасының шырқын кетіріп, құқық бұзатын, тіпті қылмыс жасауға да тайсалмайтын азаматтар да қоғамда өкінішке орай, аз емес. Алкогольді ішімдікке салынғандардың ресми тіркелгендерінің саны күні бүгін 3722 адамды құрап отыр. Бұл, әрине, қатты ойландырарлық құбылыс. Міне, осы аталған қоғам қасіреті мен дерттері қосыла келіп, отбасындағы зорлық-зомдылыққа себеп болуда. Әріге бармай-ақ, 2010 жылдан бері отбасы-тұрмыстық салада зайыбын қорлап, тиіскені үшін 18972 адам әкімшілік жауапкершілікке, отбасы мүшесін ұрып-соғып, денсаулыққа зиян келтіріп, қылмыс жасағаны үшін 89 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл мәселені біз әркез күн тәртібінде ұстауға тиіспіз.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ. Прокуратура қызметкерлері халық арасында ашық сауалнама жүргізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністеріне қатысты азаматтардың қоғамдық пікірлерін біліп қайтқан еді. Оның барысында төмендегі мәселелер анықталды.


Атырау қаласында бір ғана көмек көрсету орталығы жұмыс істеуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсететін бұл мемлекеттік мекемеге біз әдейілеп ат басын бұрып, жұмысымен таныстық. Онда толымды жұмыстармен қатар, әлі басы ашық мәселелер бар екені мәлім болды.

Аталған бөлімше Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұсынысымен Атырау қалалық әкімдігінің 06.10.2011 жылғы №1604 қаулысына сәйкес, «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» мемлекеттік мекемесінің жанынан құрылған.

Бөлімшенің жұмысы 01.04.2012 жылдан бүгінгі таңға дейін қала, аудандардағы әйелдерге қызмет көрсетіп, қалыпты жұмыс жасап келеді (Мекен-жайы: Атырау қаласы, «Алмагүл» ықшам ауданы, №4 үйдің ірге қабатында орналасқан, мақсаты: өмірдің қиын жағдайына тап болған, тұрмыстық зорлық-зорлықтан зардап шеккен азаматшаларға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық кеңес беру, алғашқы медициналық көмек көрсету болып табылады).

Ал аудандарда өкінішке орай, мұндай орындар әлі қарастырылмаған. Бұл алдағы уақытта қолға алынуға тиіс мәселе деп білеміз.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, зорлық-зомбылықпен күрес жүргізудің субъектісі ретінде ішкі істер органдары белгіленген. Бұл талап осы органдарға зор жауапкершілік жүктейді. Ішкі істер министрінің бұйрығына сай, 2300 адамға бір полиция бекітілуі тиіс. Алайда, халық санымен есептегенде бір полиция инспекторына 3800 адамнан келетіні белгілі болды.

Шыны керек, облысымызда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары әлі де болса жеткіліксіз. Атқарылып жатқан жұмыстар да мардымсыз. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың жанынан отбасындағы зорлық-зомбылықтан жәбір көргендерге көмек беретін арнайы басқарма құрып және стационарлық дағдарыс орталықтарын ашу қажет деп есептейміз. Сондай-ақ облысымыздың шалғай аймақтарын толық қамту үшін учаскелік полиция инспекторларының штат бірлігі көбейтіліп, оларға техникалық жағдайлар жасалуы тиіс.

Тағы бір атап өтер жайт, әкімшілік хаттама толтыру кезінде азаматтардың бұрын сотталғандығын, олардың жеке басын тексеру қиындық тудырады. Сол себепті барлық полиция инспекторларын ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету кезек күттірмей шешер мәселе дегіміз келеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жәбірленушіге психикалық зақым алып, денсаулығына кінәрат түскен, жарақат алған әйелді ғана емес, жасы он сегізге толмай жүкті болған, тұрмысқа ерте шыққан қыз балаларды да жатқызу қажет. Біздің облысымызда мектеп жасындағы оқушы қыздардың жүкті болуының фактілері тіркелген. Бұл жағдайлар отбасындағы ата-ананың, орта және кәсіптік оқу орындары тәрбиесінің жеткіліксіздігінен орын алып отыр.

ЖӘБІР КӨРГЕНДЕРГЕ КЕҢЕС. Бір отбасындағы адамдардың бірі екіншісінен жәбір көрген жағдайда дереу ішкі істер органына, нақтырақ айқанда 102 телефонына қоңырау шалу арқылы учаскелік полиция инспекторына жазбаша арызбен жүгінуі тиіс.

Келтірілген жарақаттың ауырлығына және құқыққа қарсы істелген әрекеттің санатына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықтар көзделген.

Егер жәбірленуші құқық бұзған тұлға қайта келіп, тиісуі мүмкін деп ойлаған жағдайда «Дағдарыс орталығына» барып, уақытша орналасуына болады.

Мысалы, Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұсынысымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне» 46-60-60 сенім телефонына хабарласу қажет.

Облысымызда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Шаңырақ-2008», «Ақпарат», «Атырау әйелдері», «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» және «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестіктері де жұмыс жасайды.

ТҰЖЫРЫМ. Кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Адамдықтың негізі — әйел» деген. Егер отағасы әйелді бағаласа, дүниеде әйелден өткен мейірімді адам жоқ. Өйткені оның жаратылысы нәзік. Аяласаң гүлдей жайнайды, аямасаң көктей солады. Ендеше осындай аяулы жаратылыстың қадірін біліп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеңдер, азаматтар дегеміз келеді. Ал бұл тұрғыда заңды қадағалауды біздің әріптестер әркез назарда ұстайды.