Алматы қаласында 19 және 25 жастағы азаматтар заңсыз негіздежалдамалы пәтерде медресе ашқан, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл оқиғаға қатысты саясаттанушы Асхат Қасенғали пікір білдірді.
Заңсыз түрде 20-ға жуық балаға діни білім беріп келген екен. Балалардың жасы 9-15 жас аралығында. Әлгі діни білім берушілердің арнайы рұқсаты да, діни білімдері де болмаған көрінеді. Оның үстіне оқытып жатқан жері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға мүлде сай болмаған. Арнайы органдар тексеріс жүргізіп, діни әдебиеттер, ұялы телефон, ноутбукты тәркілеген. Балалардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Ал заңсыз діни білім берушілерге іс ашылып, айыппұл салынған.
Мынау өте қауіпті дүние негізі. Ұлттық қауіпсіздік қызметтері тікелей айналысатын мәселе ғой.
«Ол балалар не оқыды, қандай насихат алды? Осының бәрін жіті тексерген болар деп үміттенемін. Еш білімі жоқ, еш рұқсаты жоқ адамдар жас балаларға не үйреткенін кім білсін?», — деді ол.
Жалпы сол балалардың ата-аналарына да сұрақ көп. Қалай баласын заңсыз білім беретін «орталыққа» жібереді. Баласы қайда барып, кімнен діни білім алып жүргенін қадағаламай ма? Баласын солай қадағаламаған біраз ата-ана сорлап қалған еді.
Оны «Жусан» операциясына қатысты деректі фильмдерден көре аласыз. YouTube-та бар, іздесеңіз табасыз. Зар еңіреген ата-ананың айтары біреу:
«Балам оқып жүрді, кейін Түркияға барамын деді. Артынша Сирия асып кетті», — дейді.
Бірақ көбі балаларын кімнен діни білім, насихат алып, кіммен жүргенін, қандай адамдардың ортасында болғанын сұрамаған, тексермеген, қадағалап, бақыламаған сияқты. Көбіне мұндай жағдайдың соңы опық жеумен, өзекті өртеген өкінішпен аяқталады.
Сол себепті балаларды, жақындарыңызды кімнен білім алып жүр, кімнен қандай насихаттап тыңдауда, қандай ақпарат оқиды, қандай видео көреді дегенге мұқият қарау керек сияқты. Діни білім алғысы келсе, арнайы мемлекет рұқсат еткен орталықтар бар.
Тексерістен өткен, заңды жұмыс істейтін. Теріс діни насихатпен арнайы органдар күресуде ғой. Идеологиялық, ақпараттық және арнайы операциялармен де күрес жүргізуде. Алайда адам жат ағымның жетегінде кететін жолға түссе, ең алдымен оны байқайтын да, ескертетін де өз жақындары ғой.