6 мамырда Шымкентте алтыншы орында келе жатқан «Ордабасымен» күш сынасса, 12 мамырда Қарағандыда ел чемпионы «Шахтерге» қарсы алаңға шығады (өткен турда «Шахтер» «Ордабасыны» ұта алмай, 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын). Осы матчтардың «Ақжайықтың» биылғы шама-щарқын біршама әйгілеп берері анық. Оралдықтар содан кейін өз алаңында 20 мамыр күні Алматының «Қайратын» қабылдайды.
29 сәуір күні футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының сегізінші турында өзін өкшелеп келе жатқан «Таразды» қабылдаған Оралдың «Ақжайығы» ірі есеппен жеңіске жетіп, жанкүйерлерін бір желпінтіп тастаған еді.
Словакиялық Йозеф Шкрлик бастаған мамандар баптайтын оралдықтар ойын тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Әуелі чехиялық қорғаушы Якуб Хлебоун есеп ашса, көп ұзамай серб Милош Стойчев қонақтардың есін жиғызбастан екінші голды салды. Қазақстандық Вячеслав Эрбес есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл — Я.Хлебоун мен В.Эрбестің биылғы маусымдағы екінші доптары.
Сегіз турдан кейін 19 ұпай жинаған «Ақжайық» бұрынғыша көш бастаса, Қостанайдың «Тобылы» 17 ұпаймен екінші, Қарағандының «Шахтері» 16 ұпаймен үшінші орында келеді.