Озат жастарға «Жыл үздігі-2012» сыйлығы табыс етілді
13 желтоқсан күні «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының үлкен залында әр саладан озық шыққан облыс жастарына «Жыл үздігі-2012» сыйлығы табыс етілді. |
Онда алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің атап өткеніндей, аталмыш байқау төртінші рет өткізіліп отыр. Оны ұйымдастырушы «БҚО жастары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі осыдан үш жыл бұрын республикадағы үздік жастар ұйымы болып танылған еді.
«Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасымыз ел болашағы - жастардың алдына тың міндеттер қойды. Ендігі мақсат - осы биік талаптар үдесінен шығу.
Жиында «Жыл үздігі-2012» байқауының лауреаттары мен дипломанттары марапатталды. Атап айтқанда, Зеленов ауданы әкімі аппаратының басшысы Қалаубек Теміров - «Үздік жас мемлекеттік қызметші», Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығынан Мұхтар Рамазанов - «Үздік жас мәдениет қызметкері», Сырым ауданынан Асылзада Аманғалиева - «Үздік жас ауыл мұғалімі», №5517 әскери бөлімінен аға лейтенант Тұрсынбай Акбаров - «Үздік жас әскери қызметкер», Сырымнан Аслан Әнесов - «Үздік жас тәртіп сақшысы», оралдық дәрігер Екатерина Ольховская - «Үздік жас денсаулық сақтау қызметкері», Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж студенті, самбошы Болатбек Райымқұлов - «Үздік жас спортшы», Тасқала аудандық «Екпін» газетінен Әния Аспандиярова «Үздік жас тілші» атанды. Басқа аталымдар бойынша да сыйлықтар табыс етілді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін