Белгілі ақпаратқа сәйкес, Өзбекстан Республикасы ІІМ мен Ұлттық Қауіпсіздік қызметі Әндіжанды айнала бірнеше белдеу құрды. Арнайы құрылған өткізу бекеттері арқылы мұқият тексеруден кейін ғана жаяу жүргіншілер өте алады.
Қалада орын тепкен Өзбекстан Қарулы күштерінің шұғыл әрекет етуші бөлімшесін басып алуға жасалған әрекеттен кейін Әндіжанға арнаулы бөлімдер жіберіліп, олар әскери бөлімшені бақылауға алды. Қазір әскер қаланың орталық алаңындағы бүлікшілерді қоршауға алған. Бейресми мәліметтерге сәйкес, алаңды айнала орналасқан үйлерге таратылған сұрмергендер адамдарға қаратып оқ ата бастаған. Жеті адам жараланды.
Өз кезегінде бүлікшілер Әндіжан облыстық хокимиятын басып алған. Сол жерде зардап шеккендерге дәрігерлік көмек көрсету бөлімшелері құрылды.
Әндіжанда бүлік шығуына «Окромия» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің 23 мүшесінің үстінен сот процессі басталуы түрткі болды. Бұл — Құран қағидаттарына сәйкес бизнес жүргізуді уағыздайтын ұйым. Өзбекстан Республикасы құқық қорғау мекемелерінің мәліметі бойынша, кәсіпкерлер конституцияға қарсы іс-әрекеттері мен экстремистік ұйымдарға мүше болғаны үшін қамауға алынған.
11-мамырда Әндіжандағы соттың алдына 5 мыңдай адам жиналып, «Окромия» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің мүшелерін босатуды талап еткен. Қалада тәртіпсіздіктің орын алуына қамаудағылардың туыс-туғандары түрткі болды деген жорамал бар. Митинг 12-мамырда да жалғасты. Бұдан кейін арнаулы қызметтер қамаудағылардың туыс-туғандарын ұстай бастады.
KZ-today тілшісінің ақпаратына сәйкес, Әндіжандағы түрмені басып алу шарасы «Өзбекстан Ислам қозғалысы» экстремистік ұйымының қатысуымен ұйымдастырылған.